Әлемнің бірінші нөмірі: Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысқалы не ұтты?
Айбек Оралбай Париж-2024 Олимпиадасынан кейін мансабында жаңа кезең бастады. Франция астанасында қазақстандық боксшы 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, ширек финалда Лорен Альфонсо Домингеске төрешілердің бөлек шешімімен 2:3 есебімен жол берді. Олимпиададан кейін ұлттық құрама капитаны аса ауыр салмақта біржола тұрақтап, жаңа дивизионда бірінен соң бірі ірі титулдарды жинай бастады.
Sports24.kz Айбек Оралбайдың аса ауыр салмаққа ауысқалы бергі жетістіктерін саралап шықты. Екі жылдың ішінде қазақстандық боксшы дивизиондағы басты жүлделердің басым бөлігін жеңіп алып, World Boxing рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, Айбек ауыр салмақта бұған дейін де күш сынап көрген. 2024 жылдың мамырында ол Elorda Cup турнирінде 92 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Алайда Париж Олимпиадасынан кейін бұл ауысым тұрақты сипат алды. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов кейін Оралбайдың ірі қарсыластарға тез бейімделіп, сонымен қатар жылдамдығы мен аяқпен жұмыс істеудегі артықшылығын сақтап қалғанын атап өткен еді.
Алғашқы титул көп күттірмеді
2024 жылдың қазанында Оралбай Шымкентте өткен Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирге аса ауыр салмақта қатысты.
Ширек финалда ол түркиялық Айдемир Угурды мерзімінен бұрын жеңді. Кейін жартылай финалдан сенімді өтіп, шешуші жекпе-жекте Нұрлан Сапарбайдан басым түсті.
Осылайша, Айбек Олимпиададан кейінгі алғашқы жүлдесін және жаңа салмақ дәрежесіне толық ауысқаннан кейінгі алғашқы алтын медалін жеңіп алды.

Екі айдан кейін Азия чемпионы атанды
Келесі ірі жарыс 2024 жылдың желтоқсанында Чиангмайда өткен Азия чемпионаты болды.
Оралбай жартылай финалда өзбекстандық Жахонгир Зокировпен кездесіп, оны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Финалда Қытай өкілі Абдурешити Ремуладан басым түсіп, 92 келіден жоғары салмақта алтын медаль иеленді.
Бұл Айбектің ересектер арасындағы екінші Азия чемпиондығы еді, бірақ аса ауыр салмақтағы алғашқы құрлықтық алтыны болды.

Жалғыз сүрінген тұсы Зокировпен жекпе-жекте болды
Оралбайдың жеңісті сериясы 2025 жылдың көктемінде Странджа кубогында үзілді.
Қазақстандық боксшы финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде тағы да Жахонгир Зокировпен жұдырықтасты. Бұл жолы төрешілердің 3:2 есебіндегі бөлек шешімі Өзбекстан өкілінің пайдасына шықты.
Айбек турнирді күміс медальмен аяқтады. Аса ауыр салмаққа ауысқаннан кейінгі негізгі халықаралық жарыстарда бұл оның жеңе алмаған жалғыз финалы болып қалды.

Астанадағы Әлем кубогының алтыны
2025 жылдың жазында Оралбай қайтадан жеңіс жолына түсті.
Астанада өткен World Boxing Әлем кубогының кезеңінде ол 90 келіден жоғары салмақта финалға шықты. Жартылай финалда әзербайжандық Махаммад Абдуллаевтан басым түсіп, шешуші жекпе-жекте Германия өкілі Никита Путиловпен кездесті.
Оралбай финалды сенімді өткізіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, оның қоржынына тағы бір ірі алтын қосылды.
Басты серпіліс әлем чемпионатында болды
2025 жылдың қыркүйегінде Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионаты Айбек Оралбайдың аса ауыр салмақтағы мәртебесін толық бекіткен турнирге айналды.
1/8 финалда қазақстандық боксшы түркиялық Мұжахит Ильясты 5:0 есебімен жеңді. Кейін дәл осындай есеппен хорватиялық Лука Пратлячичтен басым түсті.
Жартылай финалда оны аса тәжірибелі қарсылас күтіп тұрды. Оралбай екі дүркін Олимпиада чемпионы әрі бес дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар Ла Круспен кездесіп, өте тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Финалда Айбектің жолы тағы да Жахонгир Зокировпен түйісті. Екі раундқа созылған тең тартыстан кейін қазақстандық боксшы шешуші үш минутта басымдық танытып, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Оралбай 90 келіден жоғары салмақта әлем чемпионы атанып, аса ауыр салмақта әлемдік деңгейдегі басты титулды иеленді.
Азия чемпионатындағы үшінші алтын
2026 жылдың сәуірінде Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында Айбек тағы да өз деңгейін дәлелдеді.
Ширек финалда ол Арман Махановтан, жартылай финалда Довлет Исламовтан басым түсті. Финалда этникалық қазақ әрі Қытай өкілі Данабек Байконыспен кездесті.
Алғашқы раунд тартысты өткенмен, кейін Оралбай жекпе-жек тізгінін толық қолына алды. Үшінші раундта қарсыласын нокдаунға түсіріп, кезекті алтын медалін жеңіп алды.
Осы нәтижеден кейін Айбек үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ол құрлық біріншілігінде 2022, 2024 және 2026 жылдары топ жарды.
Енді Азия ойындарының алтыны
Келесі үлкен титул 2026 жылдың 2 қазанында келді.
Айчи мен Нагояда өткен Азия ойындарында Оралбай тағы да финалға дейін жеңіліссіз жетті. Ширек финалда қырғызстандық Мырзакир Қошалиевті 5:0 есебімен ұтса, жартылай финалда үндістандық Нарендерді дәл осындай есеппен жеңді.
Финалда тағы да Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері кездесті: Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров.
Алғашқы раунд Оралбайдың пайдасына 3:2 есебімен аяқталды. Екінші раундта қазақстандық боксшы бес төрешінің де дауысын алды. Соңғы раундта басымдығын сақтап, нәтижесінде жеңісті еншіледі.
Бұл жетістік Айбекке Азия ойындарының алтынын әкелді және Зокировпен жеке кездесулердегі басымдығын 3:1-ге жеткізді. Оралбай қарсыласын Азия чемпионаты-2024, әлем чемпионаты-2025 және Азиада-2026 жарыстарында жеңді. Зокиров тек Странджа кубогы-2025 финалында басым түскен.
World Boxing рейтингінің бірінші нөмірі
Оралбайдың нәтижелері әлемдік рейтингке де әсер етті. 2026 жылдың маусымындағы World Boxing рейтингінде қазақстандық боксшы 90 келіден жоғары салмақта 2287,5 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.
Оның ең жақын қарсыластары Данабике Байикевузи мен Жахонгир Зокиров сәйкесінше 950 және 937,5 ұпай жинаған.
Кейін Айбек осы жетістіктерінің қатарына Азиада-2026 алтынын да қосты.
Аса ауыр салмаққа толық ауысқаннан кейін Оралбай жеті ірі халықаралық турнирге қатысып, соның алтауында чемпион атанды. Ол Қарақозы Әбдәлиев турнирін, 2024 және 2026 жылдардағы Азия чемпионаттарын, Әлем кубогы-2025 кезеңін, әлем чемпионаты-2025 пен Азия ойындары-2026 жарыстарын жеңіп алды.
Жалғыз ерекшелік Странджа кубогы-2025 болды. Ол турнирде Айбек күміс медаль иеленді.
Осылайша, екі жылдың ішінде Оралбай жаңа салмақта World Boxing рейтингінің бірінші нөмірі, әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы атанды.