locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Ақшалов Нұрсұлтановтың WBC титулы үшін жекпе-жегінің жаңа мерзімін атады

Тараптар жекпе-жекті бір-екі ай ішінде өткізуді жоспарлап отыр
ФОТО: соцсети Мейирима Нурсултанова

Бокс бойынша әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов ағасы Мейірім Нұрсұлтановтың америкалық Хесус Рамос-кішіге қарсы жекпе-жегі өтпей қалғаннан кейінгі жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында орта салмақтағы WBC ұйымының уақытша әлем чемпионы атағы үшін өтуі керек болған. Алайда кездесу қарсаңында Рамос-кішінің ауырып қалғаны белгілі болды.

«Ассалаумағалейкум, Қазақстан халқы. Осындай видеоүндеу жазуды жөн көрдім. Рамос пен Мейірім арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды. Мейірім бес айлық оқу-жаттығу жиынын өткізіп, көптеген спарринг жасады. Салмақ мәселесін де мінсіз шешті. Кеше медициналық тексеруден толық өтті. Таңғы сағат тоғызда таразыға түсіп, салмағын көрсетті. Біз толық дайын күйде отырғанда, Хесус Рамостың кеше ауырып қалғаны туралы хабарлама келді. Міне, осындай жаңалық жетті. Жекпе-жек болмайды.

Бірақ Мейірімнің PBC промоушнымен үш жекпе-жекке келісімшарты бар. Олар бізге филиппиндік басқа боксшыны ұсынды. Ол боксшы да, Мейірім де келісімін берді. Екі тарап уағдаласты. Алайда бұл жерде, Америкада, бәрі бизнеске байланысты. Бүгінгі шоуды көрсететін DAZN платформасы бұл жекпе-жектен бас тартты, өйткені оларды дәл Мейірім мен Рамос арасындағы айқас қызықтырған. Жекпе-жек өтпейді, бірақ бұған біздің кінәміз жоқ», — деді Ақшалов.

Оның айтуынша, Нұрсұлтанов толық дайын болған. Сонымен қатар тараптар жекпе-жекті бір-екі ай ішінде өткізуді жоспарлап отыр, ал нақты күн алдағы екі аптада жариялануы тиіс.

«Оның барлық жаттықтырушыларына рақмет. Бізді қолдаған көптеген демеушіміз бар. Жекпе-жек өтпей қалды, не істей аламыз? Жаңа ғана Эгис Климаспен тағы сөйлестік. Ол Рамос ауырып қалғандықтан, жекпе-жекті бір-екі ай ішінде өткізетіндерін айтты. Нақты күнді бізге екі апта ішінде хабарлайды. Сондықтан алға, Қазақстан! Біз тоқтамаймыз, барлық жеңіс әлі алда. Демек, тағдырдың жазуы осындай болған. Орасан зор еңбек сіңірілді, дайындалдық, салмақ қудық. Барлығын жасап, жекпе-жекке тамаша формада келдік. Бірақ осындай жағдай қалыптасты. Барлық жеңіс әлі алда. Біз рухымызды түсірмейміз және әрі қарай дайындала береміз», — деп қосты ол.

Осылайша, Нұрсұлтановтың командасы Рамос-кішімен қайта жекпе-жек өткізуді күтуде. Бастапқыда Нұрсұлтанов пен Рамос-кішінің кездесуі 19 қыркүйекте Сан-Диегода өтуі керек болған. Қазақстандық боксшы үшін бұл жекпе-жек үш жылға жуық үзілістен кейінгі алғашқы айқас болуға тиіс еді.

Арсен Алиев
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie