locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

WTA қорытынды турниріндегі жанжал: Свитолина Андреевамен қол алысудан бас тартты

Украиналық теннисші Ресей өкілі Мирра Андреевамен матчтан кейін тек төрешімен қол алысты
Теннис
ФОТО: Getty Images

Украиналық Элина Свитолина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA қорытынды турнирінің топтық кезеңіндегі матчта ресейлік Мирра Андреевамен кездескеннен кейін онымен амандасудан бас тартты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Матч Андрееваның 6:4, 6:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды. Екінші сетте ресейлік теннисші қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ.

Ойын аяқталған соң Свитолина Андреевамен дәстүрлі түрде қол алысу үшін торға жақындамай, бірден төрешіге қарай беттеді. Ресейлік теннисші де төрешімен қол алысты.

Жанжалдың алғышарттары

Айта кетейік, Свитолинаға қатысты мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Украиналық теннисші Украинадағы соғыс басталғалы бері Ресей мен Беларусь өкілдерімен матчтан кейін қол алыспау ұстанымын ұстанып келеді.

Бұған қоса, жарыс басталмай тұрып-ақ WTA қорытынды турниріне қатысушылардың дәстүрлі ортақ фотосының болмауы назар аудартты. Оның орнына WTA теннисшілердің жеке портреттерін жариялады. БАҚ бұл шешімді Свитолинаның Андреева және Арина Соболенкомен бірге суретке түскісі келмегенімен байланыстырды. Ал ұйымның өзі форматтың өзгеруін әр қатысушының даралығын айқындау ниетімен түсіндірді.

Турнир директоры Гарбинье Мугуруса да жағдайға қатысты пікір білдіріп: «Олар өздері дұрыс деп санайтын әрекетті жасауға ерікті», — деді.

Бұл жеңіс Андреева үшін айрықша маңызды болды: 19 жастағы ресейлік теннисші WTA қорытынды турниріне алғаш рет қатысып отыр. Ол матчтың соңғы жеті геймін қатарынан жеңіп, Свитолинамен өзара кездесулердегі есеп айырмасын 1:2-ге дейін қысқартты. Сонымен қатар Андреева 2026 жылғы Australian Open турнирінде украиналық теннисшіден жеңілгені үшін қарымта қайтарды. Кездесу 70 минутқа созылды.

WTA қорытынды турнирі Индиан-Уэллсте 8-15 қараша аралығында өтеді. Жекелей сында сегіз теннисші бақ сынап, екі топқа бөлінген. Әр спортшы үш матчтан өткізеді, ал әр топтың үздік екі теннисшісі жартылай финалға жолдама алады.

Жарыстың қазіргі чемпионы — Қазақстан өкілі Елена Рыбакина. Ол 2025 жылғы финалда Арина Соболенконы жеңген болатын. Алайда биыл қазақстандық теннисші физикалық дайындығына байланысты турнирден бас тартты.

Арсен Алиев
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie