«Бернлидің» бұрынғы жартылай қорғаушысы ойыншы-бапкер атанды
Англияның «Бернли» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Скотт Арфилд шотландиялық «Ист Файфтың» ойыншы-бас бапкері болып тағайындалды. 38 жастағы маман үшін бұл — тұрақты қызметтегі алғашқы бапкерлік жұмыс, деп хабарлайды Sports24.kz.
Burnley Express басылымының мәліметінше, Арфилд Шотландияның үшінші дивизионында өнер көрсететін клубпен үш жылдық келісімшарт жасасты. Бұған дейін ол «Ливингстон» командасын өткен маусымның соңғы үш матчында жаттықтырып, бас бапкер міндетін атқарған.
Арфилд «Ист Файф» тізгініндегі алғашқы матчын келесі сенбіде өткізеді: команда өз алаңында «Питерхедті» қабылдайды. Алайда ойын бабына әлі толық келмегендіктен, ол футболшы ретінде алаңға тек қарашаның екінші жартысында орала алады.
«Ойыншылық мансабымда мықты мамандардан көп нәрсе үйренгеннен кейін бапкерлікке кірісуге дайынмын деп ойлаймын. Маған сенім артып, мүмкіндік бергені үшін «Ист Файфқа» алғыс айтамын», — деді Арфилд.
Футболшы «Бернли» сапында бес жыл өнер көрсетті. Осы кезеңде ол командаға Англия Премьер-лигасына екі рет — 2014 және 2016 жылдары шығуға көмектесті. Сондай-ақ мансабында «Фалкирк», «Хаддерсфилд Таун», «Рейнджерс», «Болтон Уондерерс», «Ливингстон» және америкалық «Шарлотт» клубтары болды.
Айта кетейік, қазір «Бернли» сапында қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев өнер көрсетеді. 18 жастағы футболшы 2026 жылдың тамызында «Челсиден» Англия клубына маусым соңына дейін жалға ауысты. Қазан айының соңында команда тізгінін Ники Хайеннің орнына келген жаңа бас бапкер Фабио Челестини ұстады.