Дана Уайт Дональд Трамптың баспасөз хатшысы болды ма? Не белгілі
UFC президенті Дана Уайт күтпеген жерден Ақ үйде микрофон алды да, бірнеше минутқа АҚШ президенті Дональд Трамптың баспасөз хатшысы рөлін сомдап көрді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл шынымен әзіл ме?
Оқиға 7 қарашада Трамптың Уайтқа баспасөз хатшысы қызметін ұсынғанын мәлімдеуінен басталды. Алғашында кейбір БАҚ АҚШ президенті сөзінен жаңылып, бұрын АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі болған Дана Уайт есімді әйелді меңзеген болуы мүмкін деп болжады.
Алайда Трамп бұл тақырыпты әлеуметтік желілерде одан әрі өрбітті. Ол тіпті UFC басшысына Ислам Махачев, Хабиб Нурмагомедов, Джастин Гейджи, Дэниел Кормье, Аманда Нуньес және Кайла Харрис сияқты танымал файтерлерді Ақ үйге алып келуді ұсынды.
«Ұлы Дана Уайтқа — қаһарлы күрескер әрі жауынгерге — Америка Құрама Штаттары президентінің баспасөз хатшысы қызметі ұсынылғанын қуана хабарлаймын. Одан көмекшілерін де ала келуін өтіндім. Олардың кейбірі біздің елден болмаса да, Ислам Махачев, Хабиб Нурмагомедов, Джастин Гейджи, Дэниел Кормье, Аманда Нуньес және Кайла Харрис сияқты адамдар. Бізге олар ақылынан адасқан солшылдардан қорғану үшін қажет. Дана ешкімге ұқсамайтын баспасөз хатшысы болады. Дана, осы жұмысты қабылдашы! Президент Дональд Дж. Трамп», - деп жазды АҚШ басшысы Truth Social желісінде.
Уайт ұсынысқа бірден пікір білдірмей, 9 қарашада Ақ үйге баруы керегін айтты. Кейін Трамп журналистерге бұл тағайындау туралы әңгіменің әзіл болғанын мойындап, UFC басшысы өзінің баспасөз хатшысы рөлінде көрінетін ЖИ көмегімен жасалған видеоны да жариялады.
Уайт Ақ үйде журналистердің сұрақтарына жауап берді
Мәлімдеме әзіл ретінде айтылғанына қарамастан, Уайт президент резиденциясына келгенде Трамп оны микрофонға шақырып, тосын баспасөз мәслихатын өткізуді ұсынды.
UFC басшысы мүмкіндікті пайдаланып, журналистермен өзіне тән мәнерде тілдесті.
«Мен мұны әрдайым жасағым келетін. Бірінші сұрақты кім қояды? Саясатқа араласуға ешқандай ниетім жоқ. Ол маған қоңырау шалып, осылай істегенін айтқанда, мен Лондонда өткен Zuffa бокс кешінде едім. Соңғы 24 сағат өмірім нағыз аласапыран болды», - деді Уайт.
Журналистердің бірі одан UFC октагонында Дональд Трамп пен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден арасында, екеуінің жасы мен салмағы бірдей болған жағдайда, өтуі мүмкін жекпе-жекті бағалауды сұрады.
Уайт бұған жауап ретінде Трамптың физикалық және психологиялық төзімділігі туралы айтты.
«Ол — өмірімде кездескен ең мықты әрі төзімді адам. Соңғы сегіз, он немесе қанша жыл болғанын білмеймін, осының бәрін бастан кешіп жатқанда мен одан талай рет: “Неге мұны жалғастыра бересіз? Неге бұлай істейсіз?” деп сұрадым. Білесіз бе, мен оны қаншалықты мықты әрі төзімді деп ойласам да, оған оқ атылғаннан кейін... иә, мен... ол... ол — бірегей адам, оған тең келер ешкім жоқ», - деп жауап берді UFC басшысы.
Сөз соңында Трамп тағайындау тақырыбына қайта оралып, Уайттан АҚШ баспасөз хатшысы болуға келісер-келіспейтінін тіке сұрады.
«Ұсынысыңызға рақмет, мырза. Ұсынысыңызға рақмет. Мен... жоқ... саясатпен айналысқым келмейді. Жоқ», - деп жауап берді UFC президенті.
«Бұл жаңалықтан есеңгіреп қалдым. Бәріңізге сау болыңыздар», - деп әзілдеді Трамп бас тартқаннан кейін.
Кейін Уайт әлеуметтік желілерде «Патриот. Жауынгер. Баспасөз хатшысы?» деген жазуы бар суретін жариялады.
Дана Уайт пен Дональд Трамп: қарым-қатынас тарихы
Дональд Трамп пен Дана Уайтты көп жылғы қарым-қатынас байланыстырады. UFC басшысы АҚШ-тың болашақ президенті 2001 жылдың өзінде-ақ аралас жекпе-жектің әлеуетін байқап, ұйымды қолдағанын бұған дейін айтқан еді.
2026 жылы Трамп UFC турнирін Ақ үй аумағында өткізу бастамасын да қолдап, шараға өзі қатысты.