World Tennis президенті Қазақстанда мемлекеттік наградамен марапатталды
World Tennis президенті Дэвид Хаггерти спорт арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Марапаттау рәсімі 13 қазанда Алматыда өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Награданы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыстады.
Құрмет пен қазақы қонақжайлықтың белгісі ретінде Қазақстан теннис федерациясының президенті, World Tennis вице-президенті Булат Өтемұратов Хаггертиге дәстүрлі ұлттық шапан сыйлады.
Салтанатты рәсім Қазақстан Президентінің World Tennis Бас ассамблеясына қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқудан басталды. Мемлекет басшысының үндеуін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оқып, ассамблеяның ресми ашылуын жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында халықаралық форумның Алматыда өтуі әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі мен құрметін білдіретінін атап өтіп, World Tennis ұйымымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Алматыда осы беделді халықаралық форумның өтуі әлемдік қауымдастықтың елімізге деген жоғары сенімі мен құрметін көрсетеді. Біз үшін бұл - үлкен мәртебе. Осы мақсаттарға жету үшін World Tennis ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Бүгінгі жыл сайынғы Бас ассамблея серіктестігімізді одан әрі нығайтуға және теннистің бүкіл әлемде дамуына ықпал ететініне сенімдімін», - делінген Президенттің жолдауында.
World Tennis AGM іс-шаралары Алматыда 10-13 қазан аралығында өтуде. Форумға әлемнің 137 елінен 262-ден астам делегат жиналды.
Бүгін, 13 қазанда, форумның негізгі стратегиялық отырысы – World Tennis Бас ассамблеясы өтуде. Жиында әлемдік теннисті одан әрі дамытудың басым бағыттары талқыланып жатыр.
Алматы алғаш рет World Tennis Бас ассамблеясын қабылдайды