Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турнирінен қанша табыс тапты?
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Шанхайда өткен «Мастерс» сериясындағы турнирдегі өнерін аяқтады. Жарыстың төртінші айналымына шыққаны үшін спортшы 105 720 доллар, яғни шамамен 47,4 миллион теңге табыс тапты, деп хабарлайды Sports24.kz.
ATP рейтингінде 22-орында тұрған Бублик әлемнің екінші ракеткасымен кездесіп, үш сетте жеңіліп қалды — 6:7 (6:8), 6:4, 6:7 (1:7). Матч 2 сағат 41 минутқа созылды.
Сыйақымен қатар Бублик ATP рейтингінде 100 ұпай жинады.
Еске салайық, Александр Бублик Shanghai Masters турниріндегі алғашқы кездесуінде чехиялық Томаш Махачты жеңді. Қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:4, 7:6 есебімен басым түсті. Одан кейін Брэндон Накасиманы үш сетте - 6:7, 6:3, 7:6 есебімен ұтты.
Биылғы «Мастерс» турнирінің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жарыс Шанхайда 7-18 қазан аралығында хард төсенішінде өтеді.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Уханьдағы WTA 1000 турнирін сәтті бастады. Әлемдік рейтингте 82-орында тұрған спортшы алғашқы айналымда үздік 60 теннисшінің қатарына кіретін қарсыласын жеңді.