Видео: Сұқбат барысында Елена Рыбакинаның жағдайы нашарлап кетті: не болды
Әлеуметтік желілерде Елена Рыбакинаның WTA-2026 қорытынды турниріне қатысудан бас тартар алдында түсірілген видеосы тарады. Қазақстандық теннисші Canal+ Sport телеарнасына сұқбат беріп жатқанда өзін жайсыз сезініп, әңгімені мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Журналист Йоанна Сакович-Костецкаямен әңгімелесу барысында Рыбакинаның денсаулығы сыр берді. Теннисшінің жағдайын байқаған тілші сұқбатты жалғастыру оған қиын екенін аңғарып, түсірілімді тоқтатуды ұсынды.
«Бәрі дұрыс па? Қаласаң, сұқбатты осы жерден тоқтатайық», – деді журналист.
«Иә, өтінемін», – деп жауап берді Елена.
Тілші қазақстандық спортшыдан өзін қалай сезініп тұрғанын тағы бір мәрте сұрағанда, Рыбакина қысқа ғана жауап қайтарды.
«Жоқ, өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын», – деді теннисші.
Осыдан кейін сұқбат тоқтатылды. Көп ұзамай Рыбакинаның маусымның қорытынды турниріне қатыса алмайтыны белгілі болды.
27 жастағы спортшының жарыстан бас тартуына вирустық инфекция себеп болды. Ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшінің кортқа шықпайтынын растады. Оның орнына бірінші топта украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді.
Рыбакинаның денсаулығына қатысты мәселелер бұған дейін де байқалған еді. Қазан айында ол мойнындағы жарақатына байланысты Токиодағы турнирдің ширек финалынан бас тартқан болатын. Ал Индиан-Уэллске келгеннен кейін өзін жайсыз сезінуіне байланысты жоспарланған баспасөз мәслихатын кейінге қалдырды.
Маусымды мерзімінен бұрын аяқтағанына қарамастан, Рыбакина 2026 жылды WTA әлемдік рейтингінің көшбасшысы ретінде қорытындылайды. Биыл қазақстандық теннисші төрт турнирде жеңіске жетті. Олардың қатарында Australian Open мен US Open жарыстары да бар.
Еске салайық, 2025 жылы Елена Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде бес кездесудің барлығын жеңіп, чемпион атанған болатын. Алайда биыл ол атағын қорғай алмайды. Енді қазақстандық спортшы денсаулығын қалпына келтіріп, 2027 жылғы маусымға дайындалуды жоспарлап отыр.