Видео. Рыбакина US Open-тағы сәтті стартынан кейін жарақаты, титулдары және қарсыласы туралы айтты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының бірінші айналымындағы жеңісінен кейін физикалық жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Елена Рыбакина турнирдегі алғашқы матчына көңілі толатынын айтты. Әсіресе кездесуге дейін қарсыласын іс жүзінде жақсы білмегенін атап өтті.
– Құттықтаймын. Екі сеттегі сенімді жеңіс. Бүгінгі ойыныңыздың деңгейі туралы не айта аласыз?
– Матчқа көңілім толды. Әсіресе қарсыласыңды білмеген кезде, бұл әрдайым қауіпті болуы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда алғашқы матчымның өтуіне және өз ойыныма ризамын.
– Біріншіден, жарақаттан кейін өзіңізді қалай сезініп жүрсіз? Екінші сұрақ: Цинциннатиде жарақат алған кезде матчты жалғастыру сізге өте қиын болатындай көрінді, бірақ тағы бір ұпай ойнауға тырыстыңыз. Қай кезде тоқтадыңыз — ауырсынудан ба, әлде осындай жағдайда күресті жалғастыру қиын болатынын түсінгендіктен бе?
– Ауырсынуға байланысты тоқтадым. Бұл жағдай болған кезде жарақатты бірден сезіндім де, Цинциннатиде физиотерапевтті шақырдым. Ол сүйектің сынбағанын айтты. Әрине, бұл жақсы жаңалық болды. Бірақ ауырсыну бәрібір сақталды.
Мен: «Кәне, байқап көрейік» дедім, өйткені бұл жай ғана шок болуы мүмкін еді, алғашқы минуттарда осындай жағдай болады ғой. Бірақ доп беруге барған кезде аяғыммен дұрыс итеріле алмайтынымды түсіндім. Сондықтан жалғастыру мүмкін болмады.
Осыдан кейін қалпына келу процесін бастадық. Мұнда ойнай аламын ба, жоқ па — білмедік. Сондықтан қазір турнирге қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Біз күн сайын жағдайға қарай әрекет еттік.
Бір апта бойы теннис ойнаған жоқпын — жеті күн тенниссіз өттім. Залда да қозғалысқа қойылған шектеулерге байланысты жаттығу жасай алмадым. Сондықтан осындай жарақаттан кейін 10 күн өткен соң бұл — керемет нәтиже.
– Елена, қазір ауырсынуды сезінбейсіз бе? Қай соққы сіздің жағдайыңызға көбірек әсер етеді? Подача кезінде қаттырақ ауыра ма, әлде ойынның басқа сәттерінде сол аяғыңызда жайсыздықты көбірек сезінесіз бе?
– Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Әрине, ертең таңертең өзімді қалай сезінетінімді күн сайын бақылау керек, өйткені бұл алғашқы матч болды және қозғалыс көп болды.
Жарақат алған сәтте жағдай белгілі бір түрде көрінді — мұны бәрі байқаған шығар деп ойлаймын. Қазір өзімді жақсырақ сезініп тұрмын, сондықтан бұдан артық айта алмаймын.
– Аяғыңыздың нақты қай бөлігі жарақаттанғанын нақтылап айта аласыз ба? Табан ба, тобық па, әлде тізе ме? Әртүрлі нұсқаларды көрдім.
– Бұл тізе емес. Меніңше, бұл сіңір — сіңірдің сүйекке бекитін аймағы. Дәл осы дене бөлігі жарақаттанды.
– Сұрағым келгені: егер сіз жылдың басында «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алсаңыз, қалған «Үлкен дулыға» жарыстарында қысымның аз екенін сезінесіз бе? Өйткені өзіңізге: «Биыл менде бір титул бар» деп айта аласыз ғой. Әлде бұл мүлдем маңызды емес пе?
– Жоқ, әрине, бұл маусымның қалған бөлігіне белгілі бір сенімділік береді. Алға жылжып, ойнай бергің келеді. Бұл да мотивация береді.
Бірақ айта кетуім керек, өткен жылды өте жақсы аяқтағаннан және көп матч өткізгеннен кейін, одан соң Австралиядағы осындай сәтті басталғаннан кейін, ойынымда белгілі бір құлдырау болады деп күттік. Оның үстіне бұл кезең біз ойлағаннан сәл ұзаққа созылды.
Саз және шөп жабындарындағы нәтижелерім өзім қалағандай болмады, бірақ біз ойнауды, бейімделуді және өзгерістер енгізуді жалғастырдық. Сондықтан мен мына жағдайға риза...
– Матчқа дейін қарсыласыңызды аса жақсы білмегеніңізді айттыңыз. Бүгін Теяның ойынынан нені байқағаныңыз туралы айтып бере аласыз ба? Ол осы жағдайды қалай еңсерді және тордың арғы жағында тұрып, оның ойынынан нені көрдіңіз?
– Меніңше, оның соққылары өте жақсы, әсіресе добысы. Оның ойыны қуатты және бұл, менің ойымша, керемет. Барлығы тәжірибеге байланысты — тұрақтырақ болу және көбірек матч өткізу қажет. Бірақ оның ойыны бар.
Осындай соққыларымен ол өте қауіпті болуы мүмкін. Бұған дейін оның қалай ойнағанын аздап көрдім, бірақ оны талдау оңай емес, өйткені әзірге матчтары көп емес және әртүрлі қарсыластармен ойнады.
Мен матчтың қиын болуы мүмкін екенін білдім. Әсіресе жас теннисші кортқа шығып, еркін ойнап, соққылар жасауға ұмтылған кезде. Сондықтан оның әлеуеті өте жоғары және ойыны тамаша деп ойлаймын.
Бұған дейін 1-нен 2 қыркүйекке қараған түні Елена Рыбакина US Open әйелдер арасындағы негізгі турнирінде сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық теннисші бірінші айналымда 17 жастағы америкалық Тея Фродинді жеңді.