Торонто турнирінің жартылай финалындағы Елена Рыбакина матчының бейнешолуы
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің финалына жолдама алды. Жартылай финалда қазақстандық теннисші америкалық Кори Гауффты үш сетке созылған тартысты кездесуде жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесудің алғашқы бөлігі Гауффтың пайдасына өрбіді. Тартысты өткен бірінші сетте америкалық теннисші шешуші сәттерде мүмкіндігін тиімді пайдаланып, 7:5 есебімен басым түсті.
Алайда екінші партиядан бастап корттағы жағдай өзгерді. Рыбакина допты ойынға қосуда сенімді қимылдап, ұзақ доп алмасуларда қарсыласына қысымды күшейтті. Нәтижесінде Елена екінші сетте Гауффқа небәрі екі гейм беріп, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші партияда да қазақстандық спортшы қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Рыбакина тағы да 6:2 есебімен басым түсіп, матчтағы камбэгін сәтті аяқтады. Қорытынды есеп - 5:7, 6:2, 6:2.
Матч барысында Рыбакина бес эйс жасап, бір рет қос қателікке жол берді. Сонымен қатар қазақстандық теннисші 11 брейк-пойнттың төртеуін өз пайдасына шешті.
Назарларыңызға Елена Рыбакина мен Кори Гауфф арасындағы жартылай финалдық кездесудің бейнешолуын ұсынамыз.