Елена Рыбакина WTA жарысында көш бастады: бұл қазақстандық теннисші үшін нені білдіреді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирде сәтті өнер көрсетуінің арқасында WTA қорытынды турниріне іріктеу жарысында бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Канададағы «мыңдық» турнирдің финалына шығу Рыбакинаға 660 ұпай әкелді. Осылайша қазақстандық теннисшінің еншісінде 5287 ұпай жиналып, ол бірден екі саты жоғарылап, көш бастады.
Рыбакинаның ең жақын қарсыласы - Арина Соболенко. Беларусь теннисшісінің еншісінде 5075 ұпай бар. Ал үшінші орында келе жатқан Мирра Андреева одан небәрі бір ұпайға қалып, 5074 ұпай жинаған.
Осылайша Рыбакина екінші орында тұрған Соболенкодан 212 ұпайға алда келеді. Оның үстіне қазақстандық спортшы Торонто турниріндегі өнерін әлі аяқтаған жоқ және финал қорытындысы бойынша ұпай қорын одан әрі толықтыра алады.

Рыбакинаның финалға дейінгі жолы оңай болған жоқ. Ширек финалда Елена Наоми Осакаға алғашқы сетте жол бергенімен, кездесу барысын өзгертіп, 4:6, 7:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда Кори Гауффқа қарсы ойында да дәл осындай жағдай қайталанды. Қазақстандық теннисші бірінші партиядан кейін есепте қалып қойып, келесі екі сетті өз пайдасына аяқтады - 5:7, 6:2, 6:2.
Торонто қаласындағы WTA 1000 турнирінің финалында Рыбакина Польшаның өкілі Ига Швентекпен кездеседі. Жеңіске жеткен жағдайда Елена чемпиондық атаққа қол жеткізіп қана қоймай, WTA қорытынды турниріне іріктеу жарысындағы көшбасшылығын одан әрі нығайта алады.