Тоқаев Рыбакинаға III дәрежелі «Барыс» орденін табыстады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға Қазақстандағы теннисті дамытуға және оны кеңінен насихаттауға қосқан зор үлесі мен айрықша спорттық жетістіктері үшін III дәрежелі «Барыс» орденін табыстады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы триумфымен және теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтап, бұл жетістіктің тарихи маңызын және қазақстандық спортты дамытуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
«Сіздің жеңістеріңізден кейін балаларымыз тенниске қызығушылық танытып, секцияларға көптеп жазыла бастады, өздері де чемпион болғысы келеді. Сіз балаларымызға жақсы үлгі көрсетіп жүрсіз, бұл өте маңызды. Балаларымыз спортқа араласуы керек, бұл олардың болашағы үшін аса қажет. «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үш жеңісіңіз теннис тарихында мәңгі қалады. Осы жетістіктермен тоқтап қалмай, жеңісті жолыңызды одан әрі жалғастыра беретініңізге сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Елена Рыбакинаның жоғары адами қасиеттеріне де ерекше тоқталды.
«Сіз кортта да, адамдармен қарым-қатынас кезінде де өзіңізді жақсы ұстайсыз. Мен сіздің аса жоғары жеке мәдениетіңізді әрдайым атап өтемін. Бұл Қазақстанды спортқа, соның ішінде тенниске қолдау көрсетілетін дамыған әрі өркениетті мемлекет ретінде таныту тұрғысынан да өте маңызды», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Елена Рыбакина Мемлекет басшысына жеке қолдауы үшін, сондай-ақ Қазақстандағы теннисті дамытуға айрықша көңіл бөлгені үшін шынайы алғысын білдірді.
Әлемнің бірінші ракеткасы халықаралық аренада Қазақстанның атынан өнер көрсететініне аса мақтанатынын айтты. Ол бұдан әрі де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жеңістерімен отандық жанкүйерлерді қуанта беруге ниетті.