locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Асудың мотивациясы жоғары»: сарапшы Алмабаевтың Хоригучиге қарсы жекпе-жегіне болжам жасады

Маман Хоригучидің қаншалықты қауіпті қарсылас екенін және Алмабаевтың жеңіске қандай жолмен жете алатынын айтты.
Эксклюзивтер
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
«Асудың мотивациясы жоғары»: сарапшы Алмабаевтың Хоригучиге қарсы жекпе-жегіне болжам жасады
ФОТО: instagram.com/asu_zulfikar57/

21 қарашада Катардың Доха қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінде қазақстандық UFC жауынгері, жеңіл салмақтағы рейтингтің бесінші сатысында тұрған Асу Алмабаев жапониялық Кёдзи Хоригучимен кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жекпе-жек қарсаңында Sports24.kz тілшісі қазақстандық сарапшы әрі Saq Pro Team командасының жаттықтырушысы Дәулет Нұрланұлымен сөйлесті.

«Стилі қолайсыз, өте мықты жауынгер»

Нұрланұлы алдағы жекпе-жек туралы ресми жарияланбай тұрып-ақ белгілі болғанын айтып, Хоригучиді қазақстандық спортшы үшін аса күрделі сынақ деп бағалады.

«21 қарашада Асу жапониялық Хоригучимен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек туралы Асу мен оның командасынан бұрыннан естігенбіз. Ол — стилі қолайсыз, өте мықты әрі әмбебап жауынгер», — деді маман.

Сонымен қатар Нұрланұлы Алмабаевтың жапониялық қарсыласынан маңызды артықшылығы бар деп санайды. Оның пікірінше, бұл — мотивация. Жаттықтырушы қазақстандық спортшы мансабының аса маңызды кезеңінде осы жекпе-жекке шығып отырғанын атап өтті.

«Бұл жекпе-жек оны титул үшін айқасқа шығаруы мүмкін»

Сарапшы Алмабаевтың жеңісті сериясына назар аударып, Хоригучиге қарсы кездесудегі жеңіс қазақстандық спортшыны чемпиондық жекпе-жекке айтарлықтай жақындатуы мүмкін екенін айтты.

«Асу Хоригучиге қарағанда жоғары мотивациямен шығады. Өйткені Алмабаев мерзімінен бұрын жеңістерден тұратын тамаша серия жасап келеді. Бұл жекпе-жек оны титул үшін айқасқа шығаруы мүмкін», — деді Нұрланұлы.

Сонымен бірге маман Алмабаев үшін жеңіл жекпе-жек болмайтынын атап өтті. Нұрланұлы қазақстандық спортшының тактикалық тұрғыдан сауатты айқас өткізуі керек екенін айтып, оның жеңісінің ең ықтимал сценарийі төрешілер шешімімен болады деп санайды.

«Асу ұпай санымен жеңуі мүмкін деп ойлаймын»

Нұрланұлының айтуынша, жапониялық қарсыласының жоғары деңгейіне қарамастан, Алмабаев үш раундтың қорытындысы бойынша жеңіске жете алады.

«Жекпе-жек оңай болмайды. Дегенмен Асу төрешілердің бөлінген шешімімен немесе ұпай санымен жеңуі мүмкін деп ойлаймын», — деді сарапшы.

Нұрланұлы Алмабаевты жақсы білетінін және бұған дейін оның дайындығына қатысқанын да атап өтті. Сондықтан маман қазақстандық жауынгердің UFC рейтингінде жоғарылай беруге қабілетті екеніне сенеді.

«Жеке өзім оған жанкүйер боламын. Бір кездері оның дайындығына қатысқанмын, оны жақсы білемін және қай деңгейге дейін жете алатынын жақсы түсінемін», — деп түйіндеді Нұрланұлы.

Алмабаев UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 27 маусымда Бакуде америкалық Чарльз Джонсонға қарсы өткізді. Қазақстандық спортшы кездесуді үшінші раундта аяққа жасалған ауырту әдісімен мерзімінен бұрын аяқтап, кәсіби рекордын 24 жеңіс және үш жеңіліске жеткізді.

Қазақстандық жауынгердің келесі қарсыласы — жапониялық Кёдзи Хоригучи. Жекпе-жек 21 қарашада Катарда өтетін UFC турнирінде ұйымдастырылады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie