«Канело» Мбиллиге мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеп, WBC чемпиондық белбеуін қайтарып алды
Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде франциялық Кристиан Мбиллиді жеңіп, екінші орта салмақта WBC тұжырымы бойынша қайтадан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бокс кешінің басты жекпе-жегінде 36 жастағы мексикалық спортшы бұған дейін кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген Кристиан Мбиллимен кездесті. Қос боксшы 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде французға тиесілі WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салды.
12 раундқа жоспарланған айқас толық өтті. Екі боксшы да соңына дейін жұдырықтасып, жеңімпазды төрешілер анықтады. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Альварес басым түсті. Ал сегізінші раундта қарсыласының желкесінен соққы жасағаны үшін Мбиллидің есебінен бір ұпай шегерілді.
Осылайша, «Канело» кәсіпқой мансабындағы 64-жеңісіне қол жеткізіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қайтарып алды. Бұл жеңіс мексикалық боксшы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені ол 2025 жылдың қыркүйегінде Теренс Кроуфордтан жеңіліп, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағынан айырылған болатын.
Ал Кристиан Мбилли кәсіпқой бокста алғаш рет жеңіліс тапты. Альвареспен кездесуге дейін француз 30 жекпе-жек өткізіп, оның 29-ында жеңіске жеткен, ал бір айқасы тең аяқталған еді. Енді оның кәсіпқой мансабындағы көрсеткішіне алғашқы жеңіліс тіркелді.