Рыбакина US Open қарсаңында WTA-ның жазғы сериясындағы үздік бестікке кірді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 басталар алдында WTA-ның хардтағы жазғы сериясы ойыншыларының рейтингінде төртінші орынға жайғасты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан өкілі Солтүстік Америкадағы маусым кезеңінің қорытындысы бойынша 865 рейтингтік ұпай жинап, осы аралықтағы үздік бес теннисшінің қатарына енді.
Рейтинг Australian Open турнирінің ресми аккаунтында жарияланды. Жарияланған инфографикада Солтүстік Америкадағы жазғы хард сериясы кезінде ең көп ұпай жинаған бес спортшы көрсетілген.
Бірінші орынды америкалық Коко Гауфф пен польшалық Ига Швёнтек бөлісті. Екі теннисші де 1390 ұпайдан жинады. Үшінші орынға тағы бір америкалық Джессика Пегула жайғасып, активіне 1095 ұпай қосты.
Рыбакина 865 ұпаймен төртінші орында тұр. Үздік бестікті 685 ұпай жинаған Александра Эала түйіндеді.
Осылайша, қазақстандық теннисші US Open-ға Солтүстік Америкадағы жазғы серияның ең табысты ойыншыларының бірі ретінде келеді. Бұл көрсеткіш маусымдағы «Үлкен дулығаның» соңғы турнирі Нью-Йорктегі хард корттарында өтетінін ескерсек, ерекше қызығушылық тудырады.
Сонымен қатар Елена үшін US Open турнирінің басталуының маңызы зор. Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте бірінші орын үшін күресін жалғастырып, Нью-Йорктегі жарыста сәтті өнер көрсетуді көздеп отыр.
Алайда жарыс басталар алдында басты назар қазақстандық спортшының физикалық жағдайына аударылуда. Рыбакина Цинциннатидегі турнирдің Ига Швёнтекке қарсы ширек финалдық матчынан сол аяғындағы мәселеге байланысты бас тартуға мәжбүр болды. Осыдан кейін оның US Open корттарындағы алғашқы жаттығуы спортшының толық дайын екеніне қатысты бірқатар сұрақ туғызды.
Рыбакина US Open-2026 турниріндегі өнерін 30 тамызда бастайды. Бірінші айналымда оның қарсыласы рейтингте 580-орында тұрған 17 жастағы америкалық теннисші Теа Фродин болады.
Фродин АҚШ-тың жасөспірімдер арасындағы ұлттық чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін турнирдің негізгі сеткасына арнайы шақырту алды.