Рыбакина мен Путинцева Токиодағы турнирдің ширек финалындағы қарсыласын білді
Канадалық теннисші Лейла Фернандес Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің ширек финалына шықты. Ол Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен немесе Юлия Путинцевамен кездесуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы Фернандес WTA рейтингінде 14-орында тұрған әрі жарыста бесінші нөмірмен бақ сынаған бельгиялық Элизе Мертенсті жеңді. Матч канадалық теннисшінің пайдасына 6:2, 7:6 (10:8) есебімен аяқталып, екі сағат 13 минутқа созылды.
Фернандес турнир кестесінің осы бөлігіндегі алғашқы ширек финалист атанды. Оның келесі қарсыласы Рыбакина мен әлемдік рейтингте 67-орында тұрған Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева арасындағы матчта анықталады.
Бұған дейін Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирде Фернандес финалға дейін жетіп, онда Рыбакинадан 2:6, 2:6 есебімен жеңілген еді. Егер Елена Путинцеваны жеңсе, теннисшілер қайта кездеседі — бұл жолы Токиодағы жарыстың ширек финалында.
Жапониядағы турнирдің бірінші айналымында Фернандес жарыс қожайыны Химэно Сакацумэні (әлемнің 114-ракеткасы) 6:2, 6:4 есебімен ұтты.