«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчын өткізді
Алматылық «Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчын өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан командасының алғашқы қарсыласы латвиялық «Бейтар» болды. Алматылық ұжым Чемпиондар лигасындағы жолын 5:3 есебімен жеңіспен бастады.
Бірінші таймнан кейін «Қайрат» 3:0 есебімен сенімді түрде алда тұрды. Валиуллин Қазақстан командасын алға шығарса, кейін Кайо Руис дубль жасады.
Иманбеков екінші таймның басында төртінші голды соғып, матч жеңімпазына қатысты сұрақтарды шешкендей болды. Алайда латвиялық команда үш гол соғып, интриганы қайта жандандырды.
Соған қарамастан Руис хет-трик жасап, алматылықтар 5:3 есебімен жеңіске жетті.
31 қазанда Қазақстан командасы сырт алаңда бельгиялық «Андерлехтке» қарсы ойнайды.
Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» 2026/2027 маусымындағы футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалына шығуын мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен еді. УЕФА-ның бақылау-этикалық және тәртіптік органы румындық «Юнайтед Галац» клубына турнирдің негізгі кезеңіндегі матчтарға қатысудан бас тартқаны үшін 0:5 есебімен үш техникалық жеңіліс тағайындады. Осылайша, топтағы қалған үш команда автоматты түрде плей-офф жолдамасына ие болды.