Сатпаевтың жаңа жаттықтырушысы танымал ресейлік бапкермен төбелес шығарды
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бернлиді» басқарған швейцариялық маман Фабио Челестини бұған дейін Ресей футболындағы үлкен даудың ортасында қалған, деп хабарлайды Sports24.kz.
ЦСКА мен «Балтика» арасындағы матч кезінде оның Андрей Талалаевпен жанжалы төбелеске ұласа жаздады.
Не болды?
Оқиға 2026 жылғы 14 наурызда Ресей Премьер-лигасының 21-турындағы матч аясында Калининградта болған. «Балтика» Брайан Хильдің 63-минутта соққан голының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің соңына қарай ЦСКА футболшылары ойынды тез қайта бастауға тырысқан сәтте Андрей Талалаев допты трибунаға теуіп жіберді. Бұған жауап ретінде армияшылардың шабуылшысы Энрике Кармо алаң иелерінің жаттықтырушысын итеріп жіберді. Осыдан кейін ойыншылар мен бапкерлер штабы өкілдерінің қатысуымен жаппай төбелес басталды.
Челестини болған жағдайға эмоциямен жауап беріп, Талалаев жаққа бет алды. Мамандар арасында арандатушылық қимылдармен қатар жүрген сөз таласы басталды. Бір сәтте ЦСКА бапкері әріптесін трибуна астындағы бөлмеде сөйлесіп алуға шақырды.
Бас төреші Кирилл Левников екі бапкерді де алаңнан қуды. Алайда жанжал мұнымен аяқталған жоқ: жаттықтырушыларды трибуна астындағы бөлмеге бара жатқан жолда да ажыратуға тура келді.
Кейін Челестини өз әрекетіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол жанжалдың ортасында қалған өз командасының футболшыларын қорғауға араласқан. Сонымен қатар швейцариялық маман Кармоның Талалаевты итермеуі керек болғанын мойындады.
Енді Челестини мансабының жаңа кезеңін Англияда бастайды. 50 жастағы маман Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев ойнайтын «Бернлидің» бас бапкері қызметінде Никки Хайенді алмастырды.
Челестинидің ағылшын командасы тізгініндегі дебюті 31 қазанға жоспарланған. Чемпионшип матчында «Бернли» «Портсмутты» қабылдайды.