Медведев Басилашвилиді жеңіп, маусымдағы төртінші титулын иеленді
Ресейлік теннисші Даниил Медведев 25 қазанда Алматыда аяқталған ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Финалда әлемнің бесінші ракеткасы әрі турнирдің бірінші нөмірлі сериялық көшбасшысы Грузия өкілі, ATP рейтингінде 128-орында тұрған Николоз Басилашвилиді жеңді. Кездесу ресейлік теннисшінің пайдасына 6:7 (6:8), 6:1, 6:3 есебімен аяқталды.
Матч 1 сағат 53 минутқа созылды. Алғашқы сетте Басилашвили фаворитке лайықты қарсылық көрсетіп, партияны тай-брейкте өз пайдасына жазды. Алайда екінші сетте Медведев бастаманы өз қолына алып, қарсыласына небәрі бір гейм берді.
Шешуші партияда ресейлік теннисші кездесудің барысын бақылауда ұстап, брейк жасап, матчты 6:3 есебімен жеңіспен аяқтады.
Медведев финалда 22 эйс жасап, төрт рет қос қателік жіберді. Ол он брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Басилашвилидің еншісінде үш эйс пен үш қос қателік бар. Белсенді ұтылған доптар саны бойынша да басымдық ресейлік спортшыда болды — 26-ға қарсы 17.
Грузиялық теннисшінің финалға дейінгі жолы ерекше болды: ол Алматыдағы жарысын іріктеу кезеңінен бастады. Жартылай финалда Басилашвили грек спортшысы Стефанос Циципасты жеңді. Ал Медведев финалға қазақстандық Александр Бубликтің оң тізесінен алған жарақатына байланысты матчтан бас тартуынан кейін жолдама алды.
Алматыдағы титул Медведев үшін 2026 жылғы маусымдағы төртінші жеңіс болды. ATP 250 санатындағы турнирдегі жеңісі үшін ресейлік теннисші рейтингтік 250 ұпайға ие болды.
Almaty Open жарысының жұптық разрядында үндістандық Юки Бхамбри мен америкалық Райан Сеггерман чемпион атанды. Финалда олар австриялық Лукас Мидлер — Нил Оберлайтнер жұбын жеңді.