Елена Рыбакина 2027 жылғы алғашқы турнирін жариялады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2027 жылғы маусымды Австралияда өтетін Brisbane International турнирінен бастайтынын растады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рыбакина Брисбенде жаңа маусымның басталуын асыға күтіп жүргенін мәлімдеді. Қазақстандық теннисші 2024 жылы осы турнирде жеңіске жеткенін еске алып, жарыстың ерекше атмосферасын атап өтті.
«2024 жылы титулды жеңіп алу ерекше оқиға болды. Бұл - мен ойнағанды өте жақсы көретін турнирлердің бірі. Ондағы жанкүйерлер де, жалпы атмосфера да керемет. Қайта оралуды асыға күтіп жүрмін», - деп теннисшінің сөзін турнир ұйымдастырушыларының баспасөз қызметі келтіреді.
Brisbane International турнирі 2027 жылғы 3-10 қаңтар аралығында өтеді. Әйелдер арасындағы жарыс WTA 500 санатына жатады.
Еске салайық, 2024 жылы Рыбакина Брисбендегі турнирдің финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен жеңіп, чемпион атанған болатын.
Бұған дейін Рыбакина WTA қорытынды турниріне қатысатынын растады.