Андрей Рублев «Асыл Мирас» Булат Өтемұратов қорының аутизм орталығында тәрбиеленушілермен кездесті
Әлемдік теннис жұлдызы Андрей Рублев Almaty Open ATP 250 турнирі аясында «Асыл Мирас» аутизм орталығының он тәрбиеленушісімен кездесті. Кездесу 19 қазанда Алматыдағы «Алатау» теннис орталығында өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанның Теннис федерациясының бұл әлеуметтік бастамасы игі дәстүрге айналып, бірнеше жылдан бері кәсіби теннисшілер мен «Асыл Мирас» балаларының басын қосып келеді. Бүгінде Булат Өтемұратов қорының 13 аутизм орталығы Қазақстанның 12 қаласында жұмыс істеп, аутизм спектрі бұзылысы (АСБ) бар балаларға тегін кешенді көмек көрсетеді.
«АСБ бар балалардың өмірдің, соның ішінде спорттың да, алуан түрлі салаларына қатысу мүмкіндігі болғаны біз үшін аса маңызды. Мұндай кездесулер инклюзия туралы түсінікті балалардың ғана емес, жалпы қоғамның да кеңейтуге ықпал етеді. Кәсіби спортшылармен бірге өткізілген уақыт балалар үшін маңызды тәжірибе әрі анағұрлым ашық және инклюзивті орта құру жолындағы тағы бір қадам», – деді Булат Өтемұратов қорының бас директоры Айнұр Қарбозова.
Кездесу барысында теннисші балалармен бірге кортта уақыт өткізіп, доп пен ракеткамен бейімделген жаттығуларды орындады, дәлдікке арналған тапсырмалар мен басқа да бірлескен белсенділікке қатысты. «Асыл Мирас» орталығының және Қазақстанның Теннис федерациясының мамандары бағдарламаны әр бала үшін тенниспен танысуды жайлы әрі қызықты етуге болатындай етіп әзірледі.
Балалар үшін бұл шара үйреншікті ортаның шеңберінен шығып, ортақ спорттық оқиғаның толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік берді. Ал теннисші үшін бұл кездесу аутизмнің ерекшеліктерін және АСБ бар балалармен қарым-қатынас жасау қағидаттарын түсінуге көмектесті.
«Әсерім өте жақсы. Біріншіден, балалармен уақыт өткізу әрдайым жағымды. Олар көп нәрсеге үйретеді, жалпы балалармен ойын атмосферасына енген кезде, бұл әрдайым ерекше сезім сыйлайды. Балалар жаттығуларды жарыса орындап, аздап қулық жасауға тырысқанда, жаттықтырушымен бірге күліп те алдық. Менің анам да теннис жаттықтырушысы, сондықтан бала кезімнен кортта өстім және кішкентай балалармен қалай жұмыс істейтінін көріп келемін. Кез келген қайырымдылық жобасы – өте маңызды іс, әр адам оны өзінше қабылдайды. Бірақ ең басты мақсат – игі іс жасау», – деді Андрей Рублев.
Кәсіби теннисшілер бұған дейін де Булат Өтемұратов қорының бастамаларын бірнеше рет қолдаған: әр жылдары Алматы мен Астанадағы «Асыл Мирас» аутизм орталықтарына Новак Джокович, Елена Рыбакина, Карлос Алькарас, Феликс Оже-Альяссим, Даниил Медведев, Доминик Тим, Александр Бублик және басқа да көптеген спортшылар барған. Осы дәстүрді жалғастырған Андрей Рублев кездесуден кейін балаларға теннис ракеткаларын сыйға тартты. Енді олар тенниспен шұғылдануды жалғастырып, алған дағдыларын іс жүзінде қолдана алады.
Булат Өтемұратов қоры «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасын 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бағдарлама АСБ-ны ерте диагностикалау және түзету, АСБ бар балаларды оқыту, олардың отбасыларына қолдау көрсету және инклюзивті ортаны дамыту мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған. Қордың қолдауымен 17 500-ден астам бала қамтылды.
Бүгінде Қор Қазақстандағы қайырымдылықтың ең жүйелі үлгілерінің бірін көрсетіп отыр. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету салаларындағы жобаларға, сондай-ақ заманауи әлеуметтік инфрақұрылым құру арқылы ел өңірлерін дамытуға 250 миллион доллардан астам қаржы инвестициялады.