Видео: Магнус Карлсен Асаубаевамен партияны соңына дейін ойнаудан бас тартты. Себебі неде
Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 халықаралық шахмат турнирінде Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен арасындағы кездесу күтпеген жағдаймен аяқталды. Ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингтің көшін бастап келген норвегиялық гроссмейстер қазақстандық шахматшымен соңғы партияны өткізуден бас тартып, техникалық жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 17 қарашада 17–20-орындар сарапқа салынатын плей-офф кезеңінің бесінші торындағы жартылай финалда болды. Қарсыластар арасындағы алғашқы ойын күні Карлсеннің басымдығымен өтті. Ол блицтегі төрт партияның үшеуінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтады. Бұдан кейін рапидтегі екі кездесуде де қарсыласынан басым түсті. Соңғы партия алдында норвегиялық шахматшы 11,5:0,5 есебімен алда тұрды.
Алайда уақыт бақылауы ұзағырақ болатын жетінші партия басталған жоқ. Карлсен шахмат тақтасына отырудан бас тартқан соң, төрешілер оның ойынға шықпағанын тіркеді. Нәтижесінде жылдам классикалық шахматтағы жеңіс үшін берілетін сегіз ұпай Асаубаеваның еншісіне жазылды.
Әлемнің бұрынғы чемпионы бұл шешімін алғашқы ойын күнінің тағдыры іс жүзінде шешіліп қойғанымен түсіндірді. Оның айтуынша, соңғы партияда жеңілген күннің өзінде жинаған ұпайы қарсыласынан басым болып қала беретін еді. Сондықтан ол нәтижесі белгілі кездесуді жалғастырудың қажеті жоқ деп есептеген.
«Егер матч аяқталған болса, демек, ол аяқталды», – деді Карлсен Норвегияның TV2 телеарнасына берген сұқбатында.
Дегенмен норвегиялықтың бұл әрекеті шахмат қауымдастығында қызу талқыланды. Оған турнирдегі рейтингтік ұпайларды есептеу тәртібі де себеп болды. Жылдам классикалық шахмат партиялары ФИДЕ рейтингіне енгізіледі. Ал топтық кезеңдегі сәтсіз нәтижелерден кейін Карлсеннің америкалық Фабиано Каруанадан басымдығы едәуір қысқарған еді. Осыған байланысты оның рейтингтегі көшбасшылығын сақтап қалу мәселесі де назарға алынды.
Соған қарамастан, алғашқы ойын күнінің қорытындысы бойынша Карлсен 11,5:8,5 есебімен алда қалды. Ал Бибісара Асаубаева соңғы партияда бірде-бір жүріс жасамастан, қарсыласымен арадағы айырманы бірден сегіз ұпайға қысқартты.
Екі шахматшы арасындағы бәсеке 18 қарашада жалғасады. Екінші ойын күнінің нәтижесінде Будапешттегі турнирде 17-орын үшін таласатын қатысушы анықталады.