locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Сафонов қызына миллиондап алимент төлеуге қимады ма? ПСЖ қақпашысы сот шешімін қайта қаратуға қол жеткізді

Сафонов бұрынғы жұбайына төленетін алимент мөлшеріне келіспей, ай сайын тұрақты сомада қаражат аударуды талап етті
Футбол
Сафонов қызына миллиондап алимент төлеуге қимады ма? ПСЖ қақпашысы сот шешімін қайта қаратуға қол жеткізді
ФОТО: Getty images

Францияның «Пари Сен-Жермен» клубында өнер көрсететін ресейлік қақпашы Матвей Сафонов кәмелетке толмаған қызына төленетін алиментке қатысты сот ісін қайта қаратуға қол жеткізді. Футболшы бұрынғы жұбайы Анастасия Казачекке табысының төрттен бір бөлігін аудару туралы шешімді шамадан тыс деп санап, Ресейдің Конституциялық сотына жүгінген, деп хабарлайды Sports24.kz.

Бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қаржылық дау бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2021 жылы ажырасқаннан кейін Сафонов қызының қажеттіліктеріне өз еркімен қаражат бөліп келген. 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қарашасына дейін ай сайын 500 мың рубль аударған. Кейін бұл соманы 250 мың рубльге дейін қысқартқан. Аталған кезеңде бұрынғы жұбайына шамамен тоғыз миллион рубль төленгені хабарланды.

Алайда 2024 жылдың қаңтарында Мәскеудің Никулин аудандық соты футболшыны барлық табысының 25 пайызын алимент ретінде төлеуге міндеттеді. Ол кезде Сафонов «Краснодар» сапында өнер көрсетіп, айына 8 миллионнан 12,5 миллион рубльге дейін табыс тапқан. Осыған сәйкес, қызына бөлінетін қаражат ай сайын екі-үш миллион рубльге жетуі мүмкін еді.

2024 жылдың жазында ресейлік қақпашы ПСЖ клубына ауысқаннан кейін тараптар арасындағы келіспеушілік одан әрі ушыға түсті. Франциялық Le Parisien басылымының мәліметінше, 2026 жылы Сафоновтың париждік командадағы айлық жалақысы салық ұсталмағанға дейін шамамен 250 мың еуроны құрайды.

Сонымен қатар 2025 жылдың маусымында футболшы алимент бойынша жиналған берешегін толық өтеді. Сот материалдарына сәйкес, өндірілген қарыздың жалпы мөлшері атқарушылық алымды есептемегенде 61,2 миллион рубльге жеткен.

Дегенмен Сафонов табысының төрттен бір бөлігін алиментке аудару баланың нақты қажеттіліктерінен әлдеқайда көп деп есептейді. Сондықтан ол пайызбен есептелетін төлемнің орнына ай сайын 300 мың рубль көлемінде тұрақты қаражат белгілеуді ұсынған.

Ал бұрынғы жұбайы бұл ұсыныспен келіспеген. Анастасия Казачек сотқа ұсынған есепте қызының ай сайынғы қажеттіліктеріне кемінде 2,5 миллион рубль жұмсалатынын көрсеткен.

Бастапқыда қақпашының алимент мөлшерін өзгерту туралы талабы қанағаттандырылмады. Бірнеше мәрте сот шешіміне шағым түсіргенімен, оң нәтижеге қол жеткізе алмаған футболшы 2026 жылдың шілдесінде Конституциялық сотқа жүгінді.

17 қарашада бұл іс бойынша маңызды шешім қабылданды. Ресейдің Конституциялық соты ата-ананың табысы айрықша жоғары болған жағдайда алимент мөлшерін анықтау кезінде заңда белгіленген үлеспен қатар баланың нақты қажеттіліктері де ескерілуі тиіс екенін мойындады.

Осыдан кейін Сафоновтың ісі қайта қарауға жіберілді. Енді сот тараптардың қаржылық жағдайын, келтірген дәлелдерін және баланы асырауға жұмсалатын шығындарды саралап, алимент мөлшерін қайта анықтауы керек.

Алайда бұл шешімді футболшының толық жеңісі деп айтуға әлі ерте. Ол ұсынған ай сайынғы 300 мың рубль көлеміндегі төлем әзірге бекітілген жоқ. Сондай-ақ бұрын аударылған қаражат қайтарылмайды.

Осылайша, бірнеше жылға созылған сот дауынан кейін ПСЖ қақпашысы қызына төленетін алимент мөлшерін азайту мүмкіндігіне ие болды. Ал оның алдағы уақытта ай сайын нақты қанша қаражат аударатыны жаңа сот талқылауының қорытындысында белгілі болмақ.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie