Видео: Асу Алмабаев жеңілмеген қарсыласын ұтып, ACBJJ чемпионы атанды
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Стамбұлда өткен бразилиялық джиу-джитсу және грэпплингтен ACBJJ 22 турнирінде чемпиондық белбеуді жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі титулдық белдесуде Алмабаев Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен кездесті. Бұл жекпе-жекке дейін оның қарсыласы бірде-бір рет жеңілмей, 13-0 көрсеткішімен келген.
Белдесу All-Star Title Match мәртебесінде No-Gi ережесі бойынша өтті. Тартысты өткен кездесудің жеңімпазы төрешілер шешімімен анықталды. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді.
Осылайша, Алмабаев ACBJJ чемпионы атанып қана қоймай, Назрулоевқа мансабындағы алғашқы жеңілісін де әкелді.
Айта кетейік, Асу әртүрлі жекпе-жек бағыттарында белсенді өнер көрсетіп жүр. Бір апта бұрын ол RAF 12 еркін күрес турниріне қатысып, америкалық Джонни ДиДжулиусқа жол берген еді.
Ал Алмабаевтың ММА-дегі соңғы ресми жекпе-жегі маусым айында өтті. Сол кездесуде қазақстандық файтер америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта сабмишнмен жеңді.