Тоқаев Қазақстан құрамасын Әлем кубогындағы тарихи жетістігімен құттықтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қылыштасудан ерлер құрамасын халықаралық аренадағы тарихи жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан спортшылары Касабланкада (Марокко) өткен Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін ұлттық құрама тарихта алғаш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) командалық әлемдік рейтингінде көш бастады.
Мемлекет басшысы отандық семсерлесушілердің өнерін жоғары бағалап, олардың жетістігінің Қазақстан спорты үшін маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға жаңа табыстар тілеп, Қазақстан туы астында ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне беруіне ниет білдірді.
Айта кетейік, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілу отандық семсерлесу спорты үшін тарихи оқиға болды. Қазақстан құрамасы бұл спорт түрінде дәстүрлі түрде жоғары орындардан көрініп жүрген әлемнің жетекші командаларын басып озды.
Бұған дейін Қазақстанның қылыштасудан ерлер құрамасы Касабланкада өткен Әлем кубогы кезеңіндегі командалық турнирде алтын медаль жеңіп алған еді.