Тарихи медаль: қазақстандық дзюдошы әлем чемпионы атанды
Қазақстандық Фатима Супығалиева Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында тарихи алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан дзюдо федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланғандай, 16 жастағы спортшы 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Финалда ол Украина өкілі Ксения Кирильчукпен татамиде жолықты. Белдесудің негізгі уақыты жеңімпазды анықтай алмады. Қосымша уақытта Фатима Супығалиева қарсыласынан ұпай бойынша басым түсті.
Бұл жеңіс қазақстандық дзюдо тарихында айтулы оқиға болды.
«Фатима Супығалиева – Қазақстан тарихында қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы дзюдошы», – деп атап өтті федерация.
Айта кетейік, Эквадордың Гуаякиль қаласында кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысуда. Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расулхан әлем чемпионы атанған болатын. Осылайша, бұл – Қазақстан құрамасының екінші алтын медалі.