Дастан Сәтпаев Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысына айналды
Дастан Сәтпаев өнер көрсететін Англияның екінші деңгейлі дивизионы ойыншыларының нарықтық құнын беделді Transfermarkt порталы жаңартты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Чемпионшиптегі жаңарту аясында портал Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың нарықтық құнын 1,5 миллион еуроға көтерді. Осылайша оның бағасы 3,5 миллионнан 5 миллион еуроға өсті. 2026/27 жылғы маусымда Сәтпаев ағылшын клубы сапында 4 матч өткізіп, нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ.
Қазақстандық футболшы ұлттық құраманың ең қымбат ойыншысы атанды. Ол «Ахмат» қанат ойыншысы Максим Самородовты басып озды.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын дәл Самородов бұл рейтингте көш бастап тұрған еді. Ресей Премьер-лигасы ойыншыларының нарықтық құны жаңартылғаннан кейін оның бағасы 2,5 миллионнан 4 миллион еуроға дейін өсті. Ал сол кезде Сәтпаевтың құны 3,5 миллион еуро болған.
Үшінші орында Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұралы Әліп пен мәскеулік «Динамо» қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов тұр. Transfermarkt олардың екеуін де 2 миллион еуроға бағалап отыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Дастан жарақатынан қалпына келіп жатыр және Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы матчтарына қатыспайды. Оның алаңға оралуы халықаралық үзілістен кейін, 10 қазанға жоспарланған.
«Миланның» бұрынғы ойыншысы Сәтпаевтың болашағын бағалады