«Өте сәтті аяқталды». Қазақстан жасөспірімдер дзюдо құрамасының бапкері – Азия ойындарының қорытындысы туралы
Қазақстанның дзюдо құрамасы Манама (Бахрейн) қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарын 14 медальмен аяқтады. Оның төртеуі – алтын. Дзюдо бойынша кадеттер арасындағы ұлттық құраманың аға бапкері Мейірлан Баймаханбетов Sports24.kz порталына берген сұхбатында шәкірттерінің көрсеткіштеріне баға берді.
Оның айтуынша, Манамада спортшыларға барлық жағдай жасалған: жаттығу процесі, тамақтану және логистика толық қамтамасыз етілген.
«Тек, осы Азия ойындарында жеңіліс тапқан спортшыларымызға біршама қынжылып отырмын. Олардың әрқайсысы жеңіске лайық еді. Бірақ бұл – спорт, мұнда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы, спортшылар психологиялық тұрғыдан сынған жоқ. Жалпы, Азия ойындары әрі жеңімпаз, әрі жеңілген спортшыларымызға мол тәжірибе сыйлады. Өкінетін ештеңе жоқ. Бізге жанкүйер болған барлық қазақстандықтарға алғысымыз шексіз», – деді аға бапкер.
Бахрейнде өткен жасөспірімдер Азия ойындарында Қазақстанның дзюдо құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль еншіледі.
Бапкердің айтуынша, бұл нәтижені өте сәтті деп атауға болады, өйткені спортшылар қойылған міндеттерді жүз пайыз орындады.
Азия ойындарының чемпиондары атанғандар: Айша Алтай (70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде), Фатима Супыгалиева (52 кг дейін), Бекәлі Еркен (66 кг дейін) және Әділжан Нұрбекен (50 кг дейін).
Күміс жүлдегерлер: Дәулеткерей Сайфил (73 кг дейін), Алуа Балтабай (48 кг дейін), Аслан Ерғалиев (50 кг дейін), Әділжан Жәудінов (+90 кг) және Шыңғысхан Таныберген (90 кг дейін).
Қола медаль иегерлері: Тоғжан Төлебай (+70 кг), Әзима Серік (63 кг дейін), Інжу Жұмажан (57 кг дейін), Інжу Сахабадин (44 кг дейін) және Әдия Жанахмет (40 кг дейін).

Азия ойындары 2025 жылғы Қазақстанның кадеттер арасындағы дзюдо құрамасының күнтізбесіндегі соңғы жарыс болды.
Енді спортшылар өз өңірлеріне оралып, 27-30 қараша аралығында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастайды. 2026 жылы құраманы әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және Сенегал, Дакарда өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасы күтіп тұр. Құрама жаттықтырушылары осы турнирлердің барлығында жеңіске жетуді мақсат етіп отыр.