Олимпиада жүлдегері Эльмира Сыздықова Азия ойындарының финалына өтті
Рио Олимпиадасының жүлдегері Эльмира Сыздықова Азия ойындарының финалына өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында жазғы Азия ойындары аясындағы күрес жарыстары жалғасып жатыр.
76 келіге дейінгі салмақта Эльмира Сыздықова жартылай финалда қытайлық Ли Вэньцзимен тартысты белдесу өткізіп, 9:8 есебімен жеңіске жетті. Финалда ол жарыс қожайыны елдің өкілі Юка Кагамимен кездесіп, алтын медальді сарапқа салады.
125 келіге дейінгі ерлер санатында Едіге Қасымбек жартылай финалда үш дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, ирандық Амир Хоссейн Зареге лайықты қарсылық көрсетті. Белдесу 3:3 есебімен аяқталғанымен, соңғы нәтижелі әрекет ережесіне сәйкес жеңіс қарсыласына берілді.
50 келіге дейінгі салмақта Зейнеп Баянова жартылай финалда осы салмақтың басты фавориті, Токио Олимпиадасының чемпионы әрі төрт дүркін әлем чемпионы жапониялық Юи Сусакиден 0:4 есебімен жеңілді.
Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 14:00-де басталады.