Төрехан Сабырхан бокстан Қазақстан құрамасына Азия ойындарының алтынын сыйлады
Төрехан Сабырхан Айти мен Нагояда (Жапония) өткен 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
70 келіге дейінгі салмақтағы бокс жарысының финалында қазақстандық спортшы Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен — 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Бұл жүлде Қазақстанның Азия ойындарындағы бокстан соңғы 12 жылдағы алғашқы алтыны болды. Қазақстандық боксшылар Азия ойындарында соңғы рет 2014 жылы Инчхонда өткен жарыста тұғырдың ең биік сатысына көтерілген еді. 2018 жылы Джакартада және 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бокстан алтын медальсыз қалған болатын.
Осылайша, Төрехан Сабырхан Қазақстан боксының Азия ойындарындағы чемпиондық атақсыз 12 жылдық кезеңін үзіп, ұлттық құрамаға көптен күткен алтынды сыйлады.
Енді Қазақстан құрамасының Жапониядағы Азия ойындарындағы қоржынында он алтын, 19 күміс және 37 қола медаль бар.
Айта кетейік, 20 жастағы Төрехан Сабырхан — World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы.