«Болашақ Олимпиада чемпионы»: Аблайхан Жүсіпов Тореханның Азия ойындарындағы жеңісіне пікір білдірді
2025 жылғы әлем чемпионы Аблайхан Жүсіпов қазақстандық боксшы Торехан Сабырханның Жапонияда өткен Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Бірнеше жылдан кейін Қазақстанның Азия ойындарында қайтадан алтын медаль иеленгеніне өте қуаныштымын. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Бұл — Қазақстан бокс федерациясының, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің, олардың қолдауының, бас бапкер Нұржан Насаевтың атқарған зор еңбегінің нәтижесі. Бірлескен жұмыс осындай нәтижеге жеткізді. Келер жыл біз үшін Олимпиада алдындағы кезең болады, сол кезде де жақсы нәтижелер көрсетіледі деп ойлаймын. Азия ойындарындағы алтын медаль — келесі Олимпиадада біздің Олимпиада чемпионымыз болуы мүмкін екенінің жақсы белгісі. Келесі Олимпиадада алтын жүлде жеңіп алатынымызға шын жүрегіммен сенемін», — деді Жүсіпов.
Айта кетейік, 70 келіге дейінгі салмақта құрлықтық додаға қатысу құқығы үшін Торехан Сабырханның тікелей бәсекелесі дәл Аблайхан Жүсіпов болған еді. Алайда соңында бапкерлер штабы жаңадан Азия ойындарының чемпионы атанған боксшыны таңдады.
Еске салайық, финалдық жекпе-жекте 20 жастағы қазақстандық боксшы Иордания өкілі Зияд Ишаишпен кездесті. Сабырхан биыл Моңғолияда өткен Азия чемпионатының финалында дәл осы қарсыласына есе жіберген болатын. Бұл жолы Торехан реванш алып, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін қазақстандық боксшы өз жетістігіне пікір білдірді.