Карлсен Асаубаевамен екі рет ойнаудан бас тартты: Будапешттегі матч қалай аяқталды
Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мен шахматтан 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен арасындағы екі күндік тартыс аяқталды. Норвегиялық гроссмейстер екі рет қорытынды партияны өткізуден бас тартқанымен, жалпы есепте басым түсіп, 17-орын үшін күресті жалғастыру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қос шахматшы плей-оффтың бесінші бөлігіндегі (Knockout 5) жартылай финалда кездесті. Бұл кезеңде қатысушылар 17–20-орындарды сарапқа салады. Қарсыласу ерекше форматта ұйымдастырылды: екі күннің әрқайсысында шахматшылар блицтен төрт, рапидтен екі және жылдам классикадан бір партия өткізеді.
17 қарашадағы алғашқы ойын күнінде Карлсен соңғы партияның нәтижесіне қарамастан жеңіске жететіндей басымдыққа ие болды. Сондықтан норвегиялық шахматшы шешуші кездесуге шықпау туралы шешім қабылдап, техникалық жеңіліске ұшырады. Асаубаеваға сегіз ұпай берілгенімен, бірінші күн Карлсеннің пайдасына 11,5:8,5 есебімен аяқталды.
Келесі күні дәл осындай жағдай қайталанды.
18 қарашада Магнус блицтегі төрт партияның барлығында жеңіске жетті. Одан кейін рапидтегі алғашқы кездесуін тең аяқтап, екіншісінде қарсыласынан басым түсті. Жылдам классикадағы соңғы партия алдында норвегиялық гроссмейстер 10:2 есебімен алда тұрған еді.
Алайда Карлсен бұл жолы да тақта басына отырудан бас тартты. Нәтижесінде қазақстандық шахматшыға тағы бір техникалық жеңіс тіркеліп, сегіз ұпай берілді.
Осылайша, екінші ойын күні 10:10 есебімен тең аяқталды. Ал алғашқы күндегі жеңісі Карлсенге екі күндік қарсыласудың қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтуге мүмкіндік берді.
Турнир ережесіне сәйкес, әр ойын күнінің нәтижесі жеке есептеледі. Егер Асаубаева екінші күні жеңіске жеткенде, қарсыласудың тағдыры қосымша «Армагеддон» партиясында шешілер еді. Алайда тең нәтиже қазақстандық шахматшыға жеткіліксіз болды.
Қорытындысында Карлсен плей-оффтың бесінші бөлігіндегі финалға жолдама алып, 17-орын үшін таласатын болды. Ал Бибісара Асаубаева 19-орын үшін өтетін кездесуде бақ сынайды.
Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 халықаралық турнирі Венгрия астанасында 10–20 қараша аралығында өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің 24 мықты шахматшысы қатысып, блиц, рапид және жылдам классика форматтарында өзара мықтыны анықтауда.