«Барыс» «Салават Юлаевтан» жеңілгеннен кейін ҚХЛ-де нешінші орында тұр
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының Шығыс конференциясында бір саты төмендеді. Уфаның «Салават Юлаев» командасынан 3:5 есебімен жеңілген Михаил Кравецтің шәкірттері алтыншы орыннан жетінші орынға сырғыды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 18 қарашада Уфада өтті. Қазақстандық клуб үшінші кезеңде екі шайба соққанымен, есепті теңестіре алмады. Осы жеңілістен кейін «Барыстың» қатарынан екі матчқа созылған жеңісті сериясы үзіліп, 27 ойыннан кейінгі ұпай саны 29-да қалды.
Ал «Салават Юлаев» осы жеңістің арқасында 28 кездесуде 30 ұпай жинап, астаналықтарды бір ұпайға басып озды. Нәтижесінде уфалық клуб алтыншы орынға көтерілді.
ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесі
Магнитогорскінің «Металлург» командасы 28 матчта 41 ұпай жинап, көш бастап тұр. Одан кейін 32 ұпайдан еншілеген «Нефтехимик» пен «Авангард» орналасқан. Төртінші және бесінші орындарды 31 ұпайы бар «Амур» мен «Автомобилист» бөлісіп тұр.
«Барыстан» кейінгі сегізінші сатыда Челябінің «Тракторы» орналасқан. Екі команда да 29 ұпай жинаған. Алайда астаналықтар қарсыласынан бір ойын кем өткізді: «Барыс» 27, ал «Трактор» 28 кездесу өткізген.
Тоғызыншы орында 28 ұпайы бар Қазанның «Ак Барсы» тұр. Демек, плей-офф аймағынан тыс қалған команда мен «Барыстың» арасын небәрі бір ұпай бөліп тұр.
Одан кейін «Адмирал» (25 ұпай) мен «Сібір» (24 ұпай) орналасқан.
20 қарашада астаналық клуб Омбыда «Авангардпен» кездеседі. Қарсылас қазір Шығыс конференциясында үшінші орында тұр. Матч Қазақстан уақытымен сағат 18:30-да басталады.
Михаил Кравецтің шәкірттері үшін алдағы ойын Уфадағы жеңілістің орнын толтырып, плей-офф жолдамасы үшін күрестегі жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
