«Салават Юлаев» - «Барыс» матчының шолуы: астаналықтар 1:4 есебінен кейін жеңілістен құтыла жаздады
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жеңісті сериясын жалғастыра алмады. Михаил Кравец шәкірттері сырт алаңда «Салават Юлаевтан» 3:5 есебімен жеңілді. Дегенмен шешуші кезеңде үш шайбалық айырмашылықты қысқартып, кездесуді овертаймға ұластыруға шақ қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матч 18 қарашада Уфадағы «Уфа-Аренада» өтті. Қазақстандық клуб бұл кездесуге қатарынан екі жеңіспен келген еді. Соның ішінде Шығыс конференциясының көшбасшысы Магнитогорскінің «Металлургін» 5:4 есебімен ұтқан болатын.
Алайда Уфадағы ойын астаналықтар үшін сәтсіз басталды. Кездесудің небәрі 49-секундында Вадим Шипачев есеп ашса, көп ұзамай Девин Броссо сан басымдығын пайдаланып, алаң иелерінің артықшылығын еселеді.
15-минутта ҚХЛ-дағы 200-матчын өткізген Ансар Шайхмедденов есеп айырмасын қысқартты. Бірақ алғашқы үзіліске дейін Данил Алалыкин үшінші шайбаны соғып, «Салават Юлаевтың» екі голдық басымдығын қайта қалпына келтірді.
Екінші кезеңде қос команда да нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. Ал матчтың ең тартысты сәттері соңғы жиырма минутта өрбіді.
46-минутта Владислав Ефремов командасы сан жағынан кем ойнағанына қарамастан, «Барыстың» қақпасын дәл көздеді. Есеп 4:1-ге жеткенде, алаң иелерінің жеңісі күмән тудырмайтындай көрінген. Алайда астаналықтар берілмеді.
49-минутта Джастин Бэйли сан басымдығын пайдаланып, есепті 4:2-ге жеткізді. Арада бес минут өткенде Мэйсон Морелли де көпшілікте мергендік танытып, айырмашылықты бір шайбаға дейін қысқартты.
Қалған уақытта «Барыс» шабуылды күшейтіп, таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда қонақтардың қарымта шабуылдары нәтиже бермеді. Соңғы сиренаға бір секунд қалғанда Артем Горшков бос қақпаға шайба енгізіп, матчтың қорытынды есебін белгіледі - 5:3.
Осы жеңілістен кейін 29 ұпайы бар «Барыс» Шығыс конференциясында жетінші орынға сырғыды. Ал 30 ұпай жинаған «Салават Юлаев» алтыншы сатыға көтерілді.
Михаил Кравец баптайтын команда келесі кездесуін 20 қарашада Омбыда жергілікті «Авангардқа» қарсы өткізеді.