locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Гонорарға келіскен, бірақ жекпе-жек кейінге қалды: Тоқтардың Марсельмен реваншы неге өтпейді?

Қырғызстандық файтер Еркебұлан Тоқтармен қарымта кездесудің өтуіне не кедергі болғанын түсіндірді
ММА
Гонорарға келіскен, бірақ жекпе-жек кейінге қалды: Тоқтардың Марсельмен реваншы неге өтпейді?
ФОТО: hype.fighting.asia

12 желтоқсанға жоспарланған Еркебұлан Тоқтар мен Марсель Нұрланбек уулу арасындағы қарымта жекпе-жек кейінге шегерілді. Спортшылар кездесудің күні мен гонорар мөлшерін алдын ала келісіп үлгерген. Алайда қаржылық мәселелерге байланысты ұйымдастырушылар бастапқы жоспарды өзгертуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Sports24.kz.

Тоқтардың ресейлік Магомед «Веном» Зайналовпен жұдырықтасатыны белгілі болғаннан кейін қырғызстандық файтер Instagram парақшасында бейнеүндеу жариялады. Марсель қазақстандық спортшымен қарымта кездесуді күткен жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берді.

«Еркебұланның «Веноммен» жекпе-жегі жарияланғаннан бері маған адамдар тоқтаусыз жазып, неге өзім оған қарсы шықпайтынымды сұрап жатыр. Пікірлерде де көпшілік Еркебұланның қарсыласы Марсель болса, әлдеқайда қызықты жекпе-жек болар еді деген ойларын білдіруде. Достар, біз гонорар мәселесін талқылап, 12 желтоқсанда жұдырықтасуға келіскен едік. Бірақ біраз уақыт өткен соң Nomad өкілдері хабарласып, қаржылық жағынан қиындықтар туындағанын түсіндірді. Сондықтан қарымта кездесуді келесі турнирге ауыстыруды ұсынды. Алла қаласа, келесі турнирде жұдырықтасамыз. Күтіңіздер, реванш өте тартысты болады. Біз үшін жекпе-жектің қандай ережемен немесе қай салмақта өтетіні маңызды емес. Ең бастысы — гонорар төленсе болғаны. Қандай ереже ұсынса да, жұдырықтасуға дайынбыз, тіпті бокс ережесімен өткізуге де қарсы емеспіз. Бастысы, қаржы мәселесі шешілсе, рингке шығамыз», - деді Марсель.

Осылайша, Нұрланбек уулу Тоқтармен қайта кездесуден бас тартпайтынын аңғартты. Оның айтуынша, жекпе-жектің өтуіне ұйымдастырушылардың қаржылық мүмкіндіктері кедергі болған. Дегенмен қырғызстандық спортшы қарымта кездесудің нақты қашан өтетінін әзірге айтқан жоқ.

Еске салайық, қос файтер алғаш рет 28 наурызда Ереванда өткен Hype FC 28 турнирінде жұдырықтасқан болатын. Жеңіл салмақтағы кездесу ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылды. Үш раундқа созылған тартыстың қорытындысында төрешілер бірауыздан Қырғызстан өкілінің жеңісін тіркеді.

Бұл жеңіліс Тоқтардың жеңісті сериясын тоқтатты. Кейін қазақстандық спортшы Марсельмен қайта кездесіп, есесін қайтарғысы келетінін бірнеше мәрте мәлімдеді. Тіпті қазан айында қарымта жекпе-жекті желтоқсанда өткізіп, BNF чемпиондық белбеуін сарапқа салуды жоспарлаған еді.

Алайда Тоқтардың алдағы қарсыласы Магомед «Веном» Зайналов болмақ. Олардың жекпе-жегі 12 желтоқсанда Алматыда өтетін IBA Nomad 17 турнирінде ұйымдастырылады. Қос спортшы «Алматы Аренада» жартылай орта салмақта жұдырықтасады.

Бұл ресейлік файтердің IBA Nomad аясындағы алғашқы жекпе-жегі болмақ. Ал Тоқтар мен Марсель арасындағы қарымта кездесу әлі де спортшылардың жоспарында болғанымен, оның жаңа күні әзірге жарияланған жоқ.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie