Кравец «Салават Юлаевтан» жеңілгеннен кейін «Барыстың» басты қателіктерін атады
Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Уфаның «Салават Юлаев» командасынан 3:5 есебімен жеңілген матчты қорытындылады. Маман кездесудің сәтсіз басталуына, ойыншылардың жиі айып орындықтан орын алуына және сан басымдығы кезінде жіберілген шайбаға тоқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ басымдықты өз қолына алып, бесінші минутқа қарай есепті 2:0-ге жеткізді. Бірінші үзіліске дейін қос команда бір-бір шайбадан соқты. Нәтижесінде «Барыс» шешуші үшінші кезеңді 1:3 есебімен артта қалып бастады.
Матчтан кейін Кравец шәкірттерінің ойынға кеш кіріскенін мойындады. Дегенмен бас бапкер қиын сәттерде командасының соңына дейін күрескенін атап өтті.
«Кездесуді сәтсіз бастадық. Оның үстіне, жиі айып алып, жағдайымызды одан әрі қиындатып жібердік. Бір ойыншылар мұз айдынында қорғаныспен әлек болса, өзгелері қосалқы орында отыруға мәжбүр болды. Соған қарамастан, команда соңына дейін берілмеді. Әсіресе өзіміз сан басымдығына ие болып тұрған кезде шайба жіберіп алғанымыз өкінішті. Сол гол болмағанда, матчтың қалай аяқталары белгісіз еді. Жігіттер есепті теңестіруге барын салды, бірақ уақыт жетпеді», – деді Кравец.
Кездесудің тағдырын шешкен сәттердің бірі 46-минутта тіркелді. «Салават Юлаев» сан жағынан кем ойнағанына қарамастан, төртінші шайбасын соқты. Алайда астаналықтар Джастин Бэйли мен Мэйсон Мореллидің голдарының арқасында есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқарта алды. Соңғы секундтарда алаң иелері бос қалған қақпаны дәл көздеп, матчтың нүктесін қойды.
Үшінші кезеңде «Барыстың» ойыны неліктен жақсарғаны туралы сұраққа жауап берген маман команда тактикасына айтарлықтай өзгеріс енгізбегенін жеткізді.
«Біз ештеңені түбегейлі өзгерткен жоқпыз. Тек әр ойыншы қарқынын арттырды. Команда бірнеше рет қатарынан сан жағынан кем ойнап, қарсыластың шабуылына төтеп бергенде, бұл қосымша күш пен жігер береді. Мұз айдынындағы серіктестерінің барын салып жатқанын көрген өзгелер де аянып қалмау керектігін түсінеді. Ұжымдық ойынның арқасында өзімізге деген сенім артып, шабуылда әлдеқайда өткір қимылдай бастадық», – деп түсіндірді бас бапкер.
Кравец кездесудің алғашқы ауысымында қарсыласқа қауіпті қарсы шабуыл жасауға мүмкіндік берген эпизодқа да тоқталды. Оның пікірінше, мұндай қателіктің себебін хоккейшілердің психологиялық дайындығынан іздеудің қажеті жоқ. Мәселе шабуылды өрбіту кезінде қабылданған қате шешімде болған.
«Мұның психологияға еш қатысы жоқ. Біз қарсыластың аймағына кіріп, шайбаны иелендік те, оны жоғарыға шығардық. Мұндай жағдайда артық комбинация іздемей, бірден қақпаға соққы жасау керек еді. Бірақ шайба сәтсіз секіріп кетіп, қарсылас екі ойыншымен бір қорғаушымызға қарсы шабуылға шықты. Біз хоккейшілерден қарапайым әрі дұрыс әрекет күтетінімізді үнемі айтамыз. Қақпаға соққы жасап, сол бағытқа ұмтылу қажет. Шайбаны борт жаққа шығарып, шабуылды орынсыз күрделендірудің қажеті жоқ», – деді маман.
Сонымен қатар бапкер «Барыстың» қорғанысқа тым жиі шегініп, қарсыласына шабуыл ұйымдастыруға еркіндік беретіні жөніндегі пікірмен келіспеді.
«Біз қарсылас шайбаны толық бақылауына алған жағдайда ғана кейін шегінеміз. Нәтиже бермейтін прессингке күш жұмсаудың мәні жоқ. Ал өзге сәттерде, шайбадан айырылғанда немесе қарсыластың аймағында оған талас жүргізгенде, белсенді әрекет етуге тырысамыз. Сондықтан біз үнемі қорғанысқа шегініп ойнаймыз деген пікір дұрыс емес», – деп түйіндеді Кравец.
Осы жеңілістен кейін «Барыс» 27 кездесуде жинаған 29 ұпайымен ҚХЛ Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде жетінші орында тұр. Ал 28 матчта 30 ұпай еншілеген «Салават Юлаев» алтыншы сатыға жайғасты.
Астаналық клуб келесі кездесуін 20 қарашада сырт алаңда Омбының «Авангард» командасына қарсы өткізеді.