Каратэші Нұрқанат Әжіқанов Қазақстанға Азия ойындарында қола медаль сыйлады
Нұрқанат Әжіқанов Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына каратэден бесінші медаль түсті. Кумитэ бағдарламасының 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Нұрқанат Әжіқанов қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте отандасымыз Филиппин өкілі Батиканды 10:1 есебімен жеңді.
Еске салайық, Нұрқанат Әжіқанов 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының чемпионы атанған.
Осылайша, бұл ойындарда бұған дейін Софья Берульцева мен Жоламан Биғабыл алтын медаль жеңіп алса, кеше Асель Қанай күміс жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасына тағы бір қола медальді Белла Самашева сыйлады.
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынауда. Олар жарыс бағдарламасындағы спорттың 35 түрінен медальдер үшін күресуде.
Әжіқановтың медалін есепке алғанда, Азия ойындарының алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды: 5 алтын, 1 күміс және 6 қола.