Қазақстандық боксшылар Азиада-2026-да қашан жұдырықтасады: алғашқы жекпе-жектер кестесі
Қазақстан бокс құрамасы Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы жарысын бастайды. Бокс турнирі Нисио қаласында өтіп, 2 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан намысын 11 боксшы - алты ер және бес әйел қорғайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жеребеден кейін қазақстандықтардың алғашқы жекпе-жек күндері мен қарсыластары белгілі болды. Кейбір боксшылар турнирді алғашқы кезеңдерден бастаса, Наталья Богданова бірден ширек финалға жолдама алды.
23 қыркүйек
Қазақстан құрамасынан рингке бірінші болып Сабыржан Аққалықов шығады. 80 келіге дейінгі салмақта оның қарсыласы Оңтүстік Корея өкілі Мин Ким болады.
24 қыркүйек
Бұл күні бірден екі қазақстандық жарысты бастайды.
51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова Филиппин өкілі Вильегас пен Үндістан спортшысы Сакши арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.
Ал 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан катарлық Мохаммед Дбичиге қарсы шығады. Катар боксшысы алғашқы айналымда вьетнамдық Нгок Нгуенді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.
25 қыркүйек
Бұл күні Назым Қызайбай мен Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жектерін өткізеді.
Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақта қытайлық Сюань Жаомен кездеседі.
Ал 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Оразбек Асылқұловтың қарсыласы Қытай Тайбэйі мен Оңтүстік Корея өкілдері арасындағы жекпе-жектен кейін анықталады.
26 қыркүйек
Бұл күн Қазақстан құрамасы үшін ең маңызды жарыс күндерінің біріне айналмақ. Бірден үш боксшы рингке шығады.
60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Линь Юй-Тиньмен кездеседі.
Айта кетейік, қарсыластар 2026 жылы бір рет жұдырықтасып үлгерген. Әлем кубогының финалында Графеева Олимпиада чемпионын жеңген еді. Сондықтан олардың Азиададағы екінші кездесуі турнирдің ең қызықты жекпе-жектерінің біріне айналуы мүмкін.
55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан жарысты бастайды. Оның қарсыласы Иран өкілі Каземи мен КХДР боксшысы Чон Со арасындағы кездесудің жеңімпазы болады.
Сол күні 90 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай Ауғанстан өкілі Нооржбен жұдырықтасады.
27 қыркүйек
Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы қырғызстандық Кошалиев пен түрікменстандық Есламов арасындағы айқастың жеңімпазы болады.
Әйелдер арасында 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева Непал өкілі Таманг пен қытайлық Ли арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.
28 қыркүйек
Қазақстан құрамасынан алғашқы жекпе-жегін ең соңғы болып Наталья Богданова өткізеді. Жеребе бойынша ол 75 келіге дейінгі салмақта жарысты бірден ширек финалдан бастайды.
Жартылай финал жолдамасы үшін Богданова Өзбекстан өкілі Азиза Зокировамен кездеседі.
Шешуші жекпе-жектер қашан өтеді?
Азиададағы бокс бәсекесі 21 қыркүйекте басталды. Жартылай финалдық кездесулер 29 және 30 қыркүйекте, ал барлық финалдық жекпе-жек 2 қазанда өтеді.
Қазақстан құрамасында Махмұд Сабырхан, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Аида Әбікеева және Наталья Богданова өнер көрсетеді.