GTA 6 ойынын PS5 пен Xbox-та 120 FPS-пен қалай іске қосуға болады? Шешімі табылды
GTA 6 ойынының консольдерде секундына 30 кадрмен шектелуі ойыншылардың бір бөлігінің наразылығын тудырды. Алайда энтузиаст арнайы бағдарлама көмегімен кескіннің бірқалыптылығын 120 FPS-ке дейін арттырудың жолын тапты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлеуметтік желілерде Rockstar Games жаңа ойынының техникалық ерекшеліктері қызу талқыланып жатыр. Бірқатар танымал стример кадр жиілігінің 30 FPS-пен шектелгеніне шағымданды. Атап айтқанда, TheBurntPeanut ойын барысын PowerPoint-тағы слайд-шоуға теңесе, JasonTheWeen тіпті PlayStation 5 Pro-да да ойынды 60 FPS-пен іске қосу мүмкін еместігіне наразы болды.
Осы тұста энтузиаст әзірлеген SmoovPlay тегін бағдарламасы геймерлердің назарын аударды. Ол консольден компьютерге кескін ағынын жіберген кезде кадр жиілігін арттыруға мүмкіндік береді.
SmoovPlay қалай жұмыс істейді
Бағдарлама кескінді консольден компьютерге жіберу үшін Remote Play технологиясын қолданады, содан кейін аралық кадрларды жасайтын RIFE нейрондық моделін іске қосады. Соның арқасында кескін көзге бірқалыптырақ көрінеді, ал кадр жиілігі 120 FPS-ке дейін жетуі мүмкін.
Құралды іске қосу үшін компьютердің сипаттамалары мынадай болуы керек:
Windows 10 немесе 11 операциялық жүйесі;
кемінде 8 ГБ жедел жады;
дискіде 12 ГБ бос орын;
NVIDIA GeForce RTX 30, 40 немесе 50 сериялы видеокарта;
тұрақты интернет байланысы.
Бағдарламаны орнатқаннан кейін консольді қосып, Remote Play мүмкіндігін іске қосу, PSN аккаунтына кіру және қалаған кадр жиілігін таңдау қажет.
Маңыздысы: мұнда кескінді компьютерге жіберу кезінде қосымша кадрлар генерацияланады. Бұл GTA 6 ойынын консольде шын мәнінде 120 FPS-пен іске қосу деген сөз емес.
Бұл технологияның кемшіліктері бар ма?
SmoovPlay әзірлеушісі кескіннің бірқалыптылығы артқанымен, ойынның басқаруға жауап беру жылдамдығы жақсармайтынын ескертті. Оның үстіне, аралық кадрларды генерациялау кідіріс қосады: 60 FPS кезінде шамамен 20 миллисекунд, ал 90 FPS кезінде 36 миллисекунд.
Сондықтан атыс пен қуу кезінде бағдарламаны қолдану ұсынылмайды: қосымша кідіріс басқаруға кері әсер етуі мүмкін.
Демек, SmoovPlay компьютер арқылы ойнағанда кескінді бірқалыптырақ көрсетуге мүмкіндік береді, бірақ консольдердің аппараттық шектеуін алып тастамайды. Бұл бағдарламаның көмегімен PS5 немесе Xbox-та тікелей толыққанды 120 FPS-ке қол жеткізу мүмкін емес.