Елдос Сметов Азия ойындарында өзіне төнетін басты қауіпті атады
Дзюдодан 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында өзіне ең қауіпті қарсыластар деп кімдерді санайтынын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Азияда дзюдодан фаворит саналатын мықты командалар аз емес. Бұл таңғаларлық жағдай емес, өйткені Жапония – осы спорттың отаны, ал дзюдо қазір көптеген елде қарқынды дамып келеді. Қазіргі мәртебемде кез келген қарсылас маған қиындық туғызуы мүмкін.
Әркім Олимпиада чемпионын жеңгісі келеді және жоғалтатын ештеңесі жоқ екенін түсініп, соңына дейін күреседі», – деді атақты дзюдошы блогер Адалят Бакиеваға берген сұхбатында.
2026 жылғы Азия ойындары аясындағы дзюдо жарыстары 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.
Айта кетейік, Сметов – Қазақстан спортының аңызы әрі Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған тұңғыш отандық дзюдошы.
Ол сондай-ақ 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және 2020 жылы Токиодағы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Оның еншісінде 2015 жылғы әлем чемпионатындағы жеңіс те бар.