Жаңа жанжал: Данияр Елеусинов әуежайдағы бұзақылығы үшін 10 тәулікке қамауға алынды
Бокс бойынша Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Zakon.kz мәліметінше, Елеусинов 25 қыркүйекте Алматы халықаралық әуежайында болған оқиғадан кейін қамауға алынған.
Спортшы Алматы — Астана бағытындағы рейске отыру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзып, әуе кемесінен өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткені хабарланды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық жолаушы тексеру рәсімдерін жүргізу үшін ұшақтан шығарылды. Боксшының бұл әрекетіне байланысты рейс ұшуы кешіктірілді.
Тексеру қорытындысы бойынша Елеусинов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірден бес бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Еске салайық, шілде айында Елеусинов кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік қамау жазасы тағайындалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын. Сотта спортшының алкогольдік мас күйде көлік жүргізіп, үш жол-көлік оқиғасын (ЖКО) жасағаны айтылды. Сот отырысында Олимпиада чемпионы кінәсін мойындады.