«Бұл жеңісті өз халқыма арнаймын» – жеңістен кейінгі қазақстандық әлем чемпионы
Қазақстандық еркін күрес балуаны Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық балуан түркиялық Бекир Кесерді мерзімінен бұрын жеңді. Базарбаев қарсыласын жауырынымен кілемге қадап, кездесуді таза жеңіспен аяқтады.
«Бұл алтын – тек менің жеңісім емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Бұл жеңісті өз халқыма арнаймын», – деді Базарбаев сұхбатында.
Еске салайық, қазақстандық балуан финалға дейінгі жолда жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы америкалық Люк Лилледальды (3:1), француз Расул Галбураевты (13:2) жеңіп, жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумэден (7:0) басым түсті.
Қазақстандық балуан күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды