«Барлық ақшаны медальға айырбастар едім»: Ясмина Токсанбаева Қазақстанға оралды
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өткен 2026 жылғы Азия ойындарындағы жарыстан кейін Алматыға оралды. Спортшының марафондық спорттық жүрістегі нәтижесі аяқ киіміне байланысты жойылған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алматы әуежайында спортшыдан жүлде ақшасы алтын медальдан айырылғанының орнын толтыра ала ма деп сұрады.
«Барлық ақшаны медальға және Қазақстанның әнұранын шырқату мүмкіндігіне айырбастар едім», — деп жауап берді Токсанбаева.
Жеңіл атлет дисквалификациядан кейін жанкүйерлердің теріс реакциясынан қауіптенгенін мойындады.
«Мен айқайладым. Сол сәтте менен бәрі теріс айналып, мені хейттейді деген қорқынышты ойлар болды. Бірақ Жаратқан маған Қазақстанның ғана емес, басқа елдердің де қолдауын сыйлап, қанат бітірді. Маған Мексикадан, Қытайдан жігіттер жазып жатыр. Барлығы менің жағымда, мен таңғалып отырмын. Сіздер мені қатты шабыттандырасыздар. Мен әрі қарай жүруге дайынмын», — деді спортшы.
Еске салайық, 27 қыркүйекте Токсанбаева 42,195 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен.
Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне наразылық білдірілді. Кейін спортшы қолданған аяқ киім үлгісі World Athletics ұйымы рұқсат берген тізімге кірмегендіктен, ол дисквалификацияланды.
Нәтижесі жойылғаннан кейін Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Токсанбаеваға наразылық пен апелляцияны қарау қорытындысына қарамастан, жеңісі үшін қарастырылған барлық жүлде ақшасы төленетінін мәлімдеді.