Қазақстанның стенд атудан әйелдер құрамасы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды
Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында әйелдер арасындағы скит жарысы аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Скит бойынша іріктеу кезеңінің қорытындысында Қазақстан құрамасы 2-орын алып, күміс медаль иеленді. Команда сапында Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Әдель Садақбаева өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшылар 274 ұпай жинады. 287 ұпай еншілеген Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Үшінші орынды 266 ұпай нәтижесімен Үндістан командасы иеленді.
Енді Қазақстанның қоржынында 16 медаль бар: 7 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлде. Қазақстан медальдар кестесінде төртінші орында тұр. Бірінші орында ҚХР өкілдері, екінші орында — Жапония, үшінші орында — Оңтүстік Корея.
Еске салайық: XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Ойындарда Қазақстан құрамасының намысын 558 спортшы қорғайды. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізілген, онда 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеге Азияның 45 ұлттық олимпиадалық комитетінен (елдер мен өңірлерден) 11 мыңнан астам спортшы, сондай-ақ босқындар командасы (OCA Refugee Team) қатысады.