WBC Карлос Адамеске Мейирим Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізуді міндеттеді
Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Карлос Адамеске титулын қазақстандық Мейирим Нұрсұлтановқа қарсы міндетті түрде қорғауды тапсырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Инсайдер Дэн Рафаэльдің ақпаратынша, тараптарға жекпе-жек өткізу жөніндегі келіссөздерді бастау тапсырылған. Егер келісімге қол жеткізілмесе, 20 қазанда айқасты ұйымдастыру құқығы үшін промоутерлік сауда өтеді. Кейін жеңімпаз WBC-нің уақытша чемпионы Хесус Рамос-кішімен кездесуі тиіс.
Осылайша, Нұрсұлтанов Рамоспен жекпе-жегі өтпей қалғаннан кейін титул үшін айқасқа шығудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Олардың кездесуі 19 қыркүйекте Сан-Диегода өтуі керек еді. Алайда америкалық боксшы салмақ өлшеу кезінде денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартып, ауруханаға жатқызылды. Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Рамостың тамақтан уланып қалғанына күдік болған.
Бастапқыда Нұрсұлтанов пен Рамос жекпе-жегінің жеңімпазы Адаместің титулына міндетті үміткер атануы тиіс еді. Айқас өтпей қалғаннан кейін WBC чемпиондық белбеуді қазақстандық боксшыға қарсы тікелей қорғау туралы шешім қабылдады.
Нұрсұлтанов әлі жеңіліс көрген жоқ — оның кәсіпқой бокстағы рекорды 20 жеңістен тұрады, оның 11-ін нокаутпен жеңіп алған. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылы рингке шыққан.