Қазақстандық спортшы керемет жетістікке жетті: қатарынан алты рет әлем чемпионы атанды
Қазақстандық Ердәулет Нұрмахан Үндістанда өтіп жатқан әлем чемпионатында кезекті жеңісіне жетіп, қол күресінен алты дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шардаралық спортшы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сол қолмен күресуден сынға түсті. Шешуші жекпе-жекте қазақстандық Ресей өкілі Нияз Хусаиновтан басым түсіп, кезекті алтын медалін жеңіп алды.
Айта кетерлігі, Нұрмахан алты жыл қатарынан әлем чемпионы атағын сақтап келеді. Оның жеңісті сериясы 2021 жылы басталып, осы уақытқа дейін жалғасып отыр.
Қазақстандық қол күресі шебері 2021, 2022, 2023, 2024, 2025 және 2026 жылдары планетадағы ең мықты спортшы атанды.
Осылайша, спортшы халықаралық аренадағы басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеп, ең мықты қарсыластарын қайтадан артта қалдырды.
Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлдені Жарылқасын Рустембеков салды. Ол әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды.
Айта кетейік, Шардара Қазақстандағы қол күресін дамытудың танымал орталықтарының бірі саналады. Жергілікті спортшылар ел намысын ірі халықаралық жарыстарда тұрақты түрде қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Нұрмаханның кезекті жетістігі Қазақстандағы қол күресі мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.