Криштиану Роналдудың ұлы Португалия ұлттық құрамасына алғашқы шақырту алды
Португалияның аты аңызға айналған футболшысы Криштиану Роналдудың ұлы — Криштиану душ Сантуш алғаш рет Португалияның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына шақырылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Португалия құрамасының бас бапкері Филипе Рамуш 16 жастағы шабуылшыны 23 футболшыдан тұратын тізімге қосты. Команда іріктеудің алғашқы раунды аясында үш кездесу өткізеді.
Португалиялықтардың қарсыластары Андорра (11 қараша), Болгария (14 қараша) және Сербия (17 қараша) құрамалары болады. Барлық матч Португалияда, ұлттық федерацияның Оэйраштағы жаттығу базасында өтеді.
Роналдудың кіші ұлы үшін бұл — халықаралық мансабындағы жаңа кезең. Бұған дейін ол ел намысын U15 және U16 деңгейлерінде қорғаған. Бірінші команда сапында шабуылшы төрт матч өткізіп, екі гол соққан, ал 16 жасқа дейінгі құрамада тоғыз кездесуге қатысып, үш рет мергендік танытқан.
Осылайша, жас футболшының Португалияның жасөспірімдер құрамалары сапындағы 13 матчта бес голы бар.
Клуб деңгейінде Криштиану душ Сантуш әкесі де өнер көрсететін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының жасөспірімдер командасында ойнайды. Осы маусымда 16 жастағы шабуылшы жеті матчта үш гол соқты.
Айта кетейік, Роналдудың кіші ұлы әйгілі әкесінің даму жолындағы кезеңдерден біртіндеп өтіп келеді. Алайда Криштиану бұған дейін ұлына қысым көрсеткісі келмейтінін және оның өмір жолын өз бетінше таңдағанын қалайтынын атап өткен.
«Оның әлеуеті бар. Ол жылдам, қарсыластарын жақсы алдап өте алады, бірақ бұл жеткіліксіз. Тынымсыз еңбек пен бар күш-жігерді жұмсау қажет», — деген еді Роналду 2020 жылы Globe Soccer Awards салтанатында.
Алдағы іріктеу турнирі Криштиану душ Сантуш үшін Португалияның 17 жасқа дейінгі құрамасында өзін көрсетуге берілетін алғашқы мүмкіндік болады.