ҚПЛ-да ауқымды өзгерістер күтілуде: Қазақстан чемпионаты 18 клубқа дейін кеңеюі мүмкін
Қазақстан футболында Премьер-лиганы кезекті рет кеңейту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ел чемпионатына қатысатын командалар саны 16-дан 18-ге дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы спорт функционері Дидар Сыдықбек өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді. Оның ақпаратынша, қазіргі уақытта жоғарғы дивизиондағы клубтар санын одан әрі арттыру жобасы талқыланып жатыр.
Айта кетейік, жақында ҚПЛ-да елеулі өзгерістер болды. 2026 жылғы маусым басталар алдында чемпионатқа қатысушылар саны 14-тен 16 командаға дейін көбейтілді. Енді 18 клубтық форматқа көшу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды.
Егер бұл бастама жүзеге асса, әр команда маусым барысында қазіргі 30 матчтың орнына 34 ойын өткізеді. Осылайша чемпионаттағы жалпы кездесулер саны 240-тан 306-ға дейін артады.
Алайда кеңейтудің нақты қашан жүзеге асатыны және қосымша орындардың қалай бөлінетіні әзірге белгісіз.
Еске салайық, 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигадан талдықорғандық «Жетісу» мен қызылордалық «Қайсар» төмендеді. Келесі чемпионатта олардың орындарын қарағандылық «Шахтер» мен түркістандық «Тұран» басуы тиіс.
Аяқталған маусымда Қазақстан чемпионы атанған шымкенттік «Ордабасы» болса, күміс медальді алматылық «Қайрат» жеңіп алды. Үздік үштікті елордалық «Астана» түйіндеді.
Айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы ҚПЛ-ға қатысушылар санын 18 командаға дейін арттыру туралы ресми шешім әзірге жариялаған жоқ.