Арсен Венгер қазақстандық футболшыларға үндеу жасады
ФИФА-ның футболды жаһандық дамыту жөніндегі департаментінің басшысы Арсен Венгер жас қазақстандық футболшыларға үндеу жасап, мансаптарының жаңа кезеңі басталар алдында оларға ақ тілегін білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Марапаттау рәсімі Астанада жыл сайынғы KFF Awards 2026 сыйлығы аясында өтті. Академия түлектері – Талғардағы базада екі жылдық дайындық бағдарламасынан өткен, 2010 жылы туған футболшылар.
Венгер футбол сарапшысы Стив Мартинмен бірге жас ойыншыларға бейнеқұттықтау жолдады. Мамандар енді тәрбиеленушілердің алдында кәсіби деңгейге өтіп, қиындықтарды еңсеруді үйрену міндеті тұрғанын атап өтті.
«Сіздер алғашқы іріктеуден бүгінгі күнге дейінгі ұзақ жолдан өттіңіздер. Енді келесі қадамды жасап, кәсіби клубтарға ауысатын уақыт келді. Бұл – әрқайсыңыз үшін жаңа сынақ. Ең бастысы – қиындықтарды еңсере білу, күрделі сәттерде мінез бен төзімділік таныту. Бұл – кәсіби өсімге қажетті аса маңызды психологиялық қасиеттер. Сіздерге сәттілік тілейміз!» – деді Венгер.
КФФ академиясы 2024 жылы FIFA Talent Development Scheme халықаралық бағдарламасы аясында жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде оның тәрбиеленушілері республикалық деңгейде өздерін танытып үлгерді.
2025 жылғы маусымда команда өзінен екі жас үлкен қарсыластармен ойнап, QJ League B лигасының күміс жүлдесін жеңіп алды. Ағымдағы маусымда ұжым QJ League A жоғары дивизионының аға жас санатында дебют жасап, алтыншы орынға ие болды.
Алғашқы дипломдарын барлығы 16 түлек алды. Рәсімге Джон ван 'т Схип бастаған Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы, сондай-ақ Нурбол Жумаскалиев пен Елдос Ахметов қатысты.