Қазақстандық шпагашылар алғаш рет әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді
Қазақстанның ерлер құрамасы шпагамен семсерлесуден ел спорты тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Гонконгте өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрама алғаш рет финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жартылай финалда қазақстандық семсерлесушілер Мысыр құрамасымен кездесіп, 41:32 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Кездесу барысында отандастарымыз басымдықты өз қолына алып, қарсыласына есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік берген жоқ.
Осылайша, Қазақстан құрамасы кем дегенде әлем чемпионатының күміс жүлдесін қамтамасыз етті. Бұған дейін ұлттық құраманың әлем біріншіліктеріндегі ең үздік жетістігі 2025 жылы жеңіп алған қола медаль болатын. Енді жерлестеріміз тарихта алғаш рет әлем чемпионы атануға мүмкіндік алды.
Алтын медаль тағдыры шешілетін финалда Қазақстан Украина мен Израиль құрамалары арасындағы жартылай финал жеңімпазымен кездеседі.
Әлем чемпионатында Қазақстан намысын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Кирилл Проходов қорғап жүр.
Ал әйелдер құрамасы үшін жарыс сәтсіздеу өрбіді. Қазақстандық шпагашылар қарсыластарына 39:45 есебімен есе жіберіп, енді 9-орын үшін таласты жалғастырады. Ол үшін команда қалған барлық кездесуде жеңіске жетуі қажет.